Биыл сәуір айында Шыңғырлау ауданы көлемінде геологиялық сейсмикалық барлау жүргізу жоспарланып отырғанын жазған болатынбыз. Өздеріңіз көріп отырғандай жаз айы басталысымен-ақ ауданда жоғарыда аталған жұмыс басталған-ды. Дегенмен осы жұмыс жүзеге асуымен қатар тұрғындар арасында әр түрлі алып-қашпа әңгімелер де тарап кетті. Бірі «ауданымызға қытай ұлтының өкілдері келіп жатыр» десе, енді бірі «біздің жерімізден мұнай, уран тауыпты» деген негізсіз қаңқу сөз бар. Сол себепті, халыққа тағы да бір түсіндіру мақсатында сейсмикалық барлауды жүргізуге жауапты «KMG Barlau» ЖШС-ның өкілдерімен жүздесіп, анық-қанғын білдік.
- Расымен, біз де әлеуметтік желілерде кеңінен тараған әр түрлі жазбаларды көрдік. Осы орайда айтарым, бұл ақпараттар жалған. Қазақстан Республикасы Экология министрлігінің №182 лицензиясына сәйкес Батыс Қазақстан облысында мұнай мен газдың кен орнына геологиялық барлау жұмысына лицензия берілді. Бұл жұмысты «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның 100 пайыз еншілес мекемесі «KMG Barlau» ЖШС-і жүргізеді. Мақсаты - жер койнауында мұнай-газ кендерінің барлығын анықтау, ашу, олардың қорының санын есептеу. Жұмыстың басым көпшілігі Шыңғырлау ауданында жүріп жатыр.
Негізінде жұмыс басталмас бұрын сәуір айында аудан әкімінің орынбасары, қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық бірлестік жетекшілері, ауыл ақсақалдары қатысқан жиында толық түсіндірілді.
Жұмысқа қажеттіліке орай, онға жуық қытайлықты жұмысқа алу қарастырылған. Ал жоба қызметкерлерінің 95 пайызы өзіміздің қазақстандық азаматтар, - деді Нұркен Көбейсін «БИДЖИПИ» Геофизикалық Қызметтің(Қазақстан) жоба менеджері.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz