Елге-жерге еңбектері сіңген шыңғырлаулық ардагерлермен аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев алқалы жиында кездесті.
Ардагерлердің де айтарлары бар екен, әңгіме тізгінін бастаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыр Сәмиевтің аудандағы тыл және еңбек ардагерлерінің хал-ахуалын қысқаша баяндаған соң әңгіме жанданып сала берді.
Кезегімен сөз алған ақсақалдар көңілдерінде түйткіл болып батып жүрген жәйттарды жасырмады, кеңес те берді, өтініштерін де ортаға салды.
Әсіресе, тұрғындар үмітті болған, бірақ былтырғы жылдан жұмысы ақсап тұрған 19 көшенің жыры туралы Әскербай Саматов тілге тиек етсе, Қаражан Төреханов «Тальго» жүрдек пойызының Шыңғырлау стансасына аз-кем тоқтауына ықпал етілсе деген өтінішін жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері Тілек Жұбаниязов мал шаруашылығын дамыту өте дұрыс, бірақ кезінде ауданымыз егін салумен де шұғылданып, қамбалап астық жинаған аймақ еді, бүгінгі күннің шаруа қожалықтарына да егін салудың маңыздылығы туралы түсінік жұмыстарын жүргізген абзал деген өзекті тақырыпты ортаға салды.
Ал кезінде жол саласына басшылық жасаған Сағатқали Ульяров Шыңғырлау-Сегізсай бағытындағы жол құрылысының сапасына көңілі неге толмайтындығын нақты дәйектермен сынға ала отырып, аудан әкімінің назарын осы бағытта жұмыстарды бақылау-қадағалау қажеттігіне аударды.
Ауыл-аймақтардағы халық санының азаюы, тұрғын үй мәселесі, жерге зәру жандардың жанайғайы, ауыз суға зәрулік мәселесін шешу жолдары, аудан әкімдігі саитының жанды жұмыс істеуі сынды өзекті тақырыптарды Сағынғали Имашев, Самиғолла Хамиев, Сапарғали Ердібеков және басқалары күн тәртібіне шығарды.
Ашық әңгіме өрбіп, орынды сын ортаға салынған басқосуды қорытындылаған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев әрбір айтылған ұсыныс-пікір аяқсыз қалмайды, бұл мәселені шешу жолында әрдайым сіздердің берген ақыл-кеңестеріңіз бізге бағдаршам болмақ деген тоқтаммен басқосуды қорытындылады.
Гүлшат Ботанова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz