2.11.2022, 9:45
Оқылды: 50

Шыңғырлау ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Шыңғырлау ауданында аудан және ауыл әкімдерінің тұрғындармен кездесу жиындары өтуде. Ауылдың экономикалық, әлеуметтік және тұрмыстық мәселелері ортаға салынатын, басшылардың ауыл үшін атқарған жұмыстарының есебі сараланатын кезең ауданымызда белгіленген уақытына сай, жоспарлы түрде оздырылуда. Халықпен кездесу ең алдымен Ақтау ауылдық округінде басталып, аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бастаған дербес бөлім басшылары Ақтау ауылында болды. Жиынды ауыл әкімі Руслан Тасименов ашып, Ақтау ауылдық округінің ІІІ тоқсаны бойынша әлеуметтік-экономикалық даму барысы туралы есебі тыңдалды.

IMG-20221101-WA0034

Жаңадан сайланған әкімнің айтуынша, қазіргі округте 2 елді мекен және 6 қыстақ  бар. Халық саны – 437 тұрғын. Округте мал азығын дайындау  жоспар  бойынша 102 пайыз орындалып, ауыл  тұрғындары түгел шөппен қамтылған. Бір мектеп, бір бөбекжай бар. Жұмыссыздық пен кедейшілікті азайту және оңалту бағдарламасының орындалуы барысында округ бойынша  қоғамдық ақылы жұмысқа жіберілгендер - 4 адам. Тұрақты жұмысқа – 2 адам орналастырылылған. Сонымен қатар қазан айынан бастап маусымдық жұмысқа – 15 адам жіберілген. Барлық мекеме қысқы кезеңге толықтай дайын. Барлық мекеменің жылыту қазандықтары жұмыс жасауда. Ақтау ауылдық округі бойынша жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алған отбасылар жоқ. Өз кезегінде сөз алған аудан әкімі Әлия Биғазықызы аудан көлемінде жасалған және алдағы уақытта іске асырылатын  жұмыстарды баян етті. Халықтың да өтініш тілектері осы жиында айтылды. Ең алдымен Шыңғырлаумен екі ортадағы көлік қатынайтын тас жолды дұрыстап беру қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, ауылдағы интернет желісінің нашар болуы барлық жұмысқа да оқушылардың сабағына да салқынын тигізуде. Осы мәселені неге шешпеске десті жиналғандар.

IMG-20221101-WA0056

Түсқайта кезекті жиын Ардақ ауылдық округінде өтіп, аудан әкімі  Әлия Биғазықызымен ауылдық округ әкімі Саида Біркенованың есептері тыңдалып, тұрғындармен бірауыздан мақұлданды.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындарды жеке қабылдап, сұрақтарына жауап берді.

Айсұлу Мұса,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале