Жуырда «Шыңғырлау» спорт клубының ұйымдастыруымен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде асық ату түрі бойынша Батыс Қазақстан облысының чемпионатына іріктеу кезеңі өтті.
Чемпионатты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Өмірбек Бекениязов құттықтау сөзбен ашып, спортшыларға өзінің жылы лебізін арнап, сәттілік тіледі.
Шарада Ақбұлақ ауылдық округінің спорт әдіскері Меирман Меңдәлиев қонақтарға ұлттық тағамдарымыз - айран, көже, құрт, бауырсақтан ауыз тигізіп, қазақтың қонақжайлылығын көрсете білді.
Ұлттық спортымызды ұлықтау мақсатында ересектер арасында өткізіліп жатқан шараға Ақжайық, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Сырым, және Шыңғырлау аудандарынан 6 команда қатысты. Жарыста ерлер «Асық ату» ойынынан, ал қыздар «Бес асықтан» бақтарын сынап, жарысқа жақсы әзірлікпен келгендерін көрсетті.
Сайыс нәтижесінде жалпыкомандалық есеп бойынша Ақжайық ауданының командасы І орынды жеңіп алса, Жаңақала ауданының командасы ІІ орынды иеленді. Ал Сырым ауданынан келген спортшыларға ІІІ орын бұйырды. Сонымен қатар «Ардагер спортшы», «Үздік сұрмерген», «Жеңіске деген жігері үшін», «Үздік ойыншы» аталымдарына ие болған спортшылар дипломдармен марапатталды.
Жеңімпаз команда 4-7 маусым күндері Бөрлі ауданының Бөрлі ауылында өтетін ұлттық ойын «Асық ату» және «Бес асықтан» ересектер арасында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алды.
Ұйымдастырушылар атынан жеңімпаздарға дипломдар мен медальдар, кубоктар табыс етілді.
Б.Баймағамбетова,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz