14.09.2023, 12:30
Оқылды: 52

Шыңғырлауда аяқ киім тоқитын қолөнер шебері тұрады

Ауыл – өнер кеніші деп айтып отырамыз. Aйтса айтқандай-ақ, небір он саусағынан өнері тамған, ауылда отырса да іскерлік пен ісмерлікті жандарына жалау еткен  ауылдықтар мақтауға тұрарлық.

D75F14C9-A547-426E-A8F5-6BE2CCD79D87

Ісмер демекші тіпті аяқ киім тігетін шеберлердің өзін осы ауылдан іздеп жүретін еді ғой бұрынғылар. Ол кездері әрбір ауылда бір етікшіден болу міндетті сияқты көрінетін. Аяқ киімнің қандай түрі болмасын оны жөндейтін, тігетін адам ауыл адамдарына ауадай қажет болатын үнемі. Екінің бірінің қолынан келмейтін мамандық болғандықтан шығар, етікші қызметін қадір тұту парыз еді.

Бала кезімізде бәрімізде осындай шеберханада аяқ киім жөнделетіндігін, тіпті тігілетіндігін білетінбіз. Бірақ тоқылатын аяқ киім болады деген үш ұйықтасақ та түсімізге кірмес еді. Заманына қарай адамы дегендей, қазіргі таңда аяқ киімдердің түр-түрі соның ішінде кәдімігі зауытта емес қолдан тоқылатындығын айтпақпыз.

Осы бір шеберлікті Әсем Темірғалиқызы өзі үйреніп, енді оны кәдімгі шағын бизнеске айналдырып отырған түрі бар.

Кәдімгі аяқ киімнің табандарын әзір күйінде сатып алып, оның қонышын немесе үстіңгі жағын тоқып, ілгек-ілмегіне дейін жіптен дайындауға болатындығын өз көзімізбен көріп, қатты сүйсіндік.

Бәрінің де Әсемді жұмыс үстінде көрсе, көңілдері сүйсінетіндігі шындық. Қолы-қолына жұқпай ілмекті ойнатып отырып, аз уақыттың ішінде бір аяқ киімді әзір қыла қояды.  

Түрлі-түсті жіптерден өріп, тоқып, әрбір тапсырыс берушінің қалаулары бойынша дайындайды.

Әсемнің хоббиі тек бұл ғана емес, ол аяқ киіммен қатар түрлі кәделер, гипс қоспасынан дайындайтын ойыншық түрлерін де жасап береді.  

Әсемнің өзі туралы айтсақ, ол ақтаулық Түктібаевтар әулетінің келіні, үш ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Талдырмаш бойлы келіншектің бала тәрбиесімен бірге хоббиін бизнеске айналдырып, отбасылық бюджетін толықтырып отырғандығы қуантады.  

Арасында қыздары көмек етеді. Керек-жарағын жолдасы тауып береді. Ал табысты қалай табасыз, сауда нарығына қалай шығасыз деген сұраққа, қолындағы телефонның көп пайдасы бар екендігін айтады.

Инстаграмда өз парақшасы бар Әсемнің оқырманы да, тапсырыс берушілері де жеткілікті.

«Өз басым бұл хоббидің маған қаржылай да, рухани жағынан да көмегі көп деп ойлаймын. Құрбыларыма да айтып, түсіндіріп, үйретіп келемін», - дейді Әсем Темірғалиқызы.

Айсұлу Мұса

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале