13.04.2022, 18:24
Оқылды: 49

Шыңғырлауда әжелер байқауы өтті

Бүгін Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде «Әжемнің тәтті талқаны» атты аудандық әжелер байқауы өткен болатын. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ата-бабаларымыздан қалған бай мұрамызды жаңғырту, әдеп пен озық дәстүрлерді жаңғырту, өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттауды  мақсат тұтқан байқауға ауданымыздың әр ауылдық округі атынан ақжаулықты әжелер қатысты.

3BA6A7C4-5319-44A7-895F-E8C705DDD305

Шаңырақтың шежіресін шертіп, ағайын-туманың татулығын сақтауға септігін тигізетін, әулеттегі абысын-ажындардың ақылшысы болып, жас келіндерді тәрбиелейтін, немере-шөберелерін алдына алып, өткен мен бүгінді жалғап, жастарға бар білгенін үйретіп, қазақы дәстүрді жалғауға септігін тигізер әжелер бұл байқауда «Мен, әжемін, ұрпағын әлдилеген» деп аталатын бірінші кезеңде бейнеролик арқылы өзін таныстырып, бидайдың қуыру тәсілдерін түсіндірсе, екінші кезең - «Шебердің қолы алтын» бөлімінде алдын ала үйден дайындалған бидайды қол диірменмен тарту әдісімен бөлісті.

59684324-4889-4F05-AAAE-2E82AB436932

Ал байқаудың соңғы «Әжемнің тәтті талқаны» кезеңі бойынша ақ жаулықты әжелер алдын ала дайындалған талқан түрлерінен дайындаған тағамдарды ұсынды. Осы кезеңдер бойынша әжелер бүгінде көп жасала бермейтін, тіпті жастар үшін ұмытыла жаздаған бидай қуыру тәсілдерімен егжей-тегжейлі бөлісті.

Әділқазы алқасы да әр сайыскердің киінген киім үлгісінен бастап, сөз саптауына, икемділігіне, талқан түю қабілетіне және талқанды ерекше дайындау тәсілдеріне көңіл бөлді. Нәтижесінде Алмаз ауылдық округі атынан қатысқан Жармағанбетова Зәуреш әжеміз І орынды иеленсе, екінші орынға шыңғырлаулық қос әже - Ералиева Әсия  мен Жұбаниязова Шамшырақ ие болды. Жүлделі ІІІ орынға ақбұлақтық Киреева Гүлқаным, жаңакүштік  Мендалиева Қымбат және Калабаева Анаргүл қол жеткізді. Ал Ащысай ауылынан келген Тәжібаева Алуаш пен ақшаттық Абдулова Ару ынталандыру аталымына ие болды.

C27060DC-163C-4600-B309-51A30BF927F7

Осындай байқауға қатысып, дана халқымыздың ғасырлар бойғы салт-дәстүрін,  әдет-ғұрпын, қазақи тәрбиесін жадымызда жаңғыртып, санамызда сараптап, ұрпақтан-ұрпаққа насихаттап жүрген әжелеріміз болмысы ешқашан жойылмасын...

Аман Сағи,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале