Шыңғырлау аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай ұлттық ойын «бес табан» асық атудан 2011-2018 жылы туған кіші жасөспірімдер және жасөспірімдер арасында ашық біріншілік өтті.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, жасөспірімдер арасында ұлттық спорт түрлерін кеңінен тарату, үздік спортшыларды іріктеу, ауданымызда ұлттық ойын асық ату спортын дамыту мақсатында өткізілген додаға облыстың аудандарынан жас асықшылар келіп, бақ сынасты. Жалпы барлығы 6 команда жарысып, оза шапқан үздіктер анықталды.
Кішкентай спортшылардың ойындарын тамашалап, құттықтау сөз сөйлеп, тартысты доданы қорытындылаған аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев марапаттау рәсімін жүргізді.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысының асық атудан аға жаттықтырушысы Ержан Өтеғалиев те жеңімпаздарды марапаттап, диплом, медаль, кубоктарды табыстады.
Өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін оятып, ұлттық рухын көтеретін осындай жарыстар алдағы уақытта да ұйымдастырыла бермек.
Гүлжазира Асу
Шыңғырлау ауданы