Шыңғырлау ауданы орталығында бұралқы иттерді аулау бойынша рейд жүргізілуде. Көшелерде қараусыз, қарғыбаусыз босып жүрген қаңғыбас иттердің қарасын азайту мақсатында рейд жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл шараларды аудандық ветеринариялық станциясы мен аудандық ішкі істер бөлімі бірлесіп атқаруда. Тек қана аудан орталығында емес ауылдық округтерде, елді-мекендерде де рейд жүріп, барлық шағымдар қанағаттандырылды.

Сондай-ақ, рейд кезінде тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» туралы заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігі жөніндегі жадынамалар үлестірілді. Биылғы жылдың бірінші айында 50-ден астам қаңғыбас ит ауланып, 100-ге жуық жадынама таратылған.

Соңғы бір-екі жылдықта жыр болған қаңғыбас иттер мәселесінің түйіні шешіліп, қазіргі таңда арыздар қатары сиреп қалған, тіпті жоқтың қасы. Олай дейтініміз, аудан тұрғындары арасында жүргізілген сауалнама бойынша «Бұралқы иттерге қатысты шағымдарыңыз бар ма?» деген сұрақтарға барлығы дерлік жоқ деп жауап берген болатын. Бұл халық пен жауапты органдардың арасында кері байланыс орнап, бірлесе жұмыс атқарудың оң нәтижесі деп білеміз.

-Адамға ең адал үй жануарлары – иттердің жауапкершілігі де, обалы да асыраған жанның мойнында. Сүйікті жануарларыңыздың көше бұралқысына айналмауы тек өздеріңізге байланысты. Айдалада емес ел ішінде тұрғандықтан айналаға қауіп туғызатын жағдайларды болдырмау әрбір тұрғынның міндеті. Сондықтан да әрбірі ауылдастарына құрметпен қарай отырып, үйдегі жануарларына бас-көз болса, бұндай мәселе қайталанбайтын болады,- деп жар салады жауапты мамандар.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы