Шыңғырлау ауданы бойынша маңызды саяси науқанда 8680 адамның дауыс беру құқығы бар. Аудан бойынша 19 сайлау учаскесі, онда 101 учаскелік және 7 аумақтық сайлау комиссия мүшелері аудан көлемінде сайлау жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысуда. Дауыс берушілердің басым көпшілігі аудан орталығында орналасқан, сондықтан 5315 сайлаушыға 5 сайлау учаскесі қызмет етеді.
«Қазақстан Республикасының азаматы ретінде сайлаушылар дауыс беруге белсенді қатысуда. Атап айтқанда, дауыс берушілер легі толастамай, сайлау басталғалы 3-4 сағат көлемінде дауыс беру құқығына ие тұлғалардың 42 пайызы өз таңдауын жасаған. Азаматтар дауыс беру құқығын заңға сәйкес толық пайдалануда. Бүгінде барлық сайлау учаскелерінде заң бұзушылық тіркелмеді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру таңертеңгі сағат 7.00-де басталып, кешкі сағат 20.00-де аяқталады», – деді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев.
Сайлау күнінде №425 Привокзал сайлау учаскесі мен №426 Шыңғырлау сайлау учаскесінде интернет сервис ұйымдастырылды. Интернет сервис арқылы әр адам сайлауға қатысты сұрақтарына жауап ала алады, сонымен қатар, басқа өңірден келген азаматтар болса, сайлау мәселесі бойынша осы сервиске жүгінулеріне болады екен.
Аудан бойынша сайлауға қатысты сұрақтарына CALL орталығының 33-445 телефоны арқылы жауап ала алады.
Аман Ізмұхан
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz