Биыл көктем ерте шықты. Шыңғырлау ауданының диқандары ерте көктемнің әр күнін мейлінше тиімді пайдалануға тырысуда.
Ауа райы қолайлы болып тұрған шақта агротехникалық жұмыстарды қолға алуда. Нақтырақ айтсақ, «Жарас», «Мезинов», «Хамутдинов», «Жақып» шаруа қожалықтары 5150 гектар жерді тырмалап, алқапта ылғал жауып, өнікті егін, сапалы бидай өндіруді мақсат етуде.
«Жарас» шаруа қожалығының өткен күзде 336 гектар танапқа себілген қара бидай өскіні, топырақ астында қыс бойы жатып, қазіргі күні қылтиып өскені байқалады. Бұған қоса екінші танапта 70 гектар жердегі қара бидай да тым-тәуір өскен. Далалықта кездестірген осы шаруашылықтың бас агрономы Ерболат Сұлтанғазиевтың егістіктегі жұмыстары жетерлік. Әр танапты көзімен көріп, күнде бір аралап өтпей көңілі көншімейді. Жердің тоңы жоқ, 85 сантиметр шамасында ылғалдық бар дейді ол қолымен топырақты уыстап. Демек, күннің қызуы мен жел құрғатпай тұрғанда тез арада ылғал жабу жұмысын бітірулері қажет. Бұл да мол өнімге қол жеткізудің алғышарттарының бірі дейді. Техникалары ақаусыз. Науқанға әзірлік тиянақты. «Жарастықтар» ылғал жабу жұмысы аяқталысымен тез арада арпа сеуіп, егін салмақ.
Айсұлу Мұса
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz