Шұрайлы жері талайды тамсандырған Шыңғырлаудың топырағы ілім-білім жолындағы ғалымдар мен зерттеушілерді де қызықтырмай қоймасы анық. Біздің жерге мал өсірсе, төрт түлігі қыр басының сәнін келтірер, ел экономикасына үлес қосар. Ал қара жерге дән салса, өсімі толағай табыс берері де айдан анық.
«Қара жердің бабын тауып, тер төгіп, еңбек еткенде ғана барын береді», -дейді егінші механизатор ағаларымыз.
Оған негіз, жыл сайын астықтың шығымы ауа райының қолайсыздығына қарамастан тым-тәуір өнім беріп келеді. Жыл сайын азық-түлік бағасы көтерілгені халықтың көңіліне қаяу салса, ал бітік шыққан егін жайқалса, жүректерге қуаныш себердей емес пе?
Жағымды жаңалықтың бірі – биылғы жылы «Жарас» шаруа қожалығының иелігінде экспериментальды егін егілді. Бірнеше ондаған гектарға күздік дәнді дақыл, соның ішінде «Жемчужина» сортты күздік бидай себілді. Оған қоса күздік қара бидай «Саратов-6», «Саратов-7» сорттары топыраққа түсіп, өскін бермек. Көп күттірмей, оның енді шығымы, түсімі, ауа райына реакациясы түбегейлі зерттелмек.
Ауданымызда өз іс-тәжірибесін өткізуге құлшынған ғалым-агрономдардың дән себілген танапқа деген қызығушылығы ерекше. Тәжірибе жасауға «Жарас» шару қожалығының жер танаптарын таңғдағаны да көңілге қонымды. Себебі, бұдан бірнеше жыл бұрын қара бидай өсіріп, оның әр гектарына 28 центнерден өнім алғаны баршамыздың есімізде. Демек, бұл жердің құнарлылығы, агротехникалық шараларға бейімділігі ерекше деген сөз.
Айта кету жөн, бидай егіп оның қыр-сырын зерттеумен айналысушы Нұғыманов Алдаберген – Орал қаласындағы «Өркен» жоғарғы техникалық колледж басшысы, әрі ғалым-агроном. Ол агрономия және ауыл шаруашылығы саласының әлі де зерттеліп болмаған тұстары жетерлік дейді.
Ғалым-агроном іссапарының мақсатына орай аудан әкімі Әлия Мұхамбетжановамен бірге егістікті аралады. Ауданның жер картасын қолына алып, жер ресурстары мен жер телімдерінің бал-банитеттерін егжей-тегжейлі салыстырды.
«Шыңғырлаудың жері мал шаруашылығы саласына да, егін ісімен айналысушыларға да үлкен мүмкіндік беретін аудан. Тәжірибе ретінде осыны тағы бір дәлелдеп шықпақпын», - дейді агроном-ғалым сенімді түрде.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz