Азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң – Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы.
Бұл күн – халқымыз үшін аса қастерлі, ең ұлық мереке. Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған «Ел тірегі – Ата заң!» атты мерекелік шара Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде салтанатты түрде өтті. Шараға аудан басшылығы, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еңбек ардагерлері, жастар және тұрғындар қатысты.

Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылды. Бұдан соң аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев аудан халқын мерекемен құттықтап, еліміздің Ата заңының маңыздылығына тоқталды:

- Конституция – еліміздің Тәуелсіздігін айқындайтын, халық бірлігін нығайтатын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын басты құжат. Ата Заңымыз – халқымыздың сан ғасырлық арманы мен үмітінің көрінісі. 30 жылда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті. Осы жолда Шыңғырлау ауданы да қарқынды дамып келеді. Мұның барлығы – бірлігіміздің, еңбекқорлығымыздың және заңға деген құрметіміздің нәтижесі. Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтаймын, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін! – деді аудан әкімі.

Мерекелік шара барысында ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар сала мамандарына мерекелік төсбелгі мен аудан әкімінің алғысхаттары табыс етілді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің №59 жарлығымен «Үздік байланысшы» төсбелгісімен «Қазақтелеком» акционерлі қоғамының Шыңғырлау ауданы бөлімшесінің бастығы Әділбек Қайыргелдіұлы Нұрғазиев марапатталды.
Салтанатты шара аясында мәдениет үйі қызметкерлері мен өнерпаздар Ата Заңға арналған патриоттық әндер шырқап, көрерменге ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Мұндай шаралар әр азаматтың елдік құндылықтарға деген құрметін арттырып, бірлік пен ынтымақтың маңызын ұғындыруға сеп болары сөзсіз.
Еліміздің жеткен жетісігі мен алған белесі осы тұғырлы Конституцияның арқасында мүмкін болды. Ата заңымызға деген ерекше құрмет – біздің сеніміміз бен күшіміздің қайнар көзі.
Светлана Ешматқызы,
Шыңғырлау ауданы