24.07.2024, 9:36
Оқылды: 237

Шыңғырлауда «Қазақтың Қадыры» деректі фильмінің таныстырылымы өтті

Туғанына 90 жыл толуына орай, заманымыздың заңғар ақыны, «Қазақтың Қадыры» атанған тұлға, көзінің тірісінде-ақ аңыз адамға айналған Қадыр Мырза Әліні ұлықтау, дәріптеу шаралары толассыз жүріп жатқаны күллі елімізге белгілі.

Қадыр2

Осы тұста облысымыз бойынша «Қадыр – қазына» жобасы қолға алынып, осы жоба аясында түрлі шаралар өткізіліп жатыр. Осындай рухани қадамның бірі – Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, ақын Қадыр Мырза Әлі хақында түсірілген «Қазақтың Қадыры» атты деректі фильмінің Шыңғырлау тұрғындарына таныстырылымы болатын.

Қазақтың қабырғалы ақынын дәріптей келген облысымыздағы ақын атындағы мәдениет және өнер орталығының шығармашылық тобы ақын шығармашылығы, оның өмірлік дүниетанымы, ізденісі, тынымсыз еңбекпен өткен өмір жолы туралы көрерменге баяндай отырып, «Қазақтың Қадыры» деректі фильмін ұсынды. 50 минуттық фильм ақын өмірін, толғанысын, творчествалық бейнесін белгілі ақын-жазушылар, өнер және мемлекет қайраткерлері көзімен, таным- түсінігімен суреттеп, тыңдаушыға ой, көрерменге көркем туынды көрсетті.

Фильмнің  негізгі түсірілімі Алматы қаласында өткен, ал осынау ізгі істің бастамашысы – ақын атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов.

Қадыр1
Ғұмыр жолында бір сәт әрекетсіз, еңбексіз отырмаған ұлы тұлға жолын көркем баяндап берген деректі кинолента көрермен көңілінен шықты, ұзақ соғылған қошемет ақын рухына көрсетілген құрмет еді.

Бұдан әрі кеш ақын өлеңдеріне жазылған әндерден концерттік бағдарламамен жалғасып, жуырда шығармашылық орталықтың ұйымдастыруымен өткен «Қадыр жыры – халық үні» атты облыстық жыршы-термешілер байқауының ІІІ орынын жеңіп алған жерлесіміз Аманғали Сатпанов Қадырдың сөзін халық мақамына салып орындаған «Жақсылар» әнімен ашып берді. Биылғы жылы Қадыр ақынның шығармашылығын насихаттау жолындағы жаңа жаңалықтың бірі – шығармашылық орталығында «Кездер-ай» этно-фольклорлық ансамблінің құрылуы екен. Сол ансамбльдің тұсауы да алғаш рет Шыңғырлау сахнасында кесілді. Ансамбльдің тап-таза әуен төгілген сүйемелдеуімен ақын сөзіне жазылған «Тамды аруы», «Тамаша», «Кездер- ай», сондай-ақ «Егер де мен өзіңе жолықпасам», «Жол жыры», «Атамекен» әндері орындалды. Көпшілікке көзайым әндерді көрермен аса жылы қабылдады.

Рухани шараны ұйымдастыра келген өнерпаз ұжымға аудан әкімі М.Өмірәлиевтің атынан ықылас гүлі ұсынылып, аудан әкімінің орынбасары Миржан Нұртазиев ғибратты ғұмырдың ұлағатын себе келген, қазақ халқының қазынасына айналған Қадыр мұрасының насихатталуына үлкен қадамдар жасап жүрген өнерпаздарға алғыс білдіріп, сәттілік тіледі.

Мекен-жұртым жыр күтіп, далам менен,

Мен даламнан нәр алып, аман келем!

Екі нәрсе мәңгілік бір өзіңде,

Бірі – мендік махаббат саған деген, - деп Қадырдың жырымен сөз бастаған шығармашылық және өнер орталығының басшысы Серік Тоқмамбетов өнерді сыйлап, Қадырдың рухын құрметтеп келген көрермен көпшілікке алғыс білдірді.

– Күллі қазақтың руханиятына қызмет еткен Қадырды біздің бүгінгі құрметтеуіміз, ұлықтауымыз азаматтық парыз, өнер жанашыры ретіндегі борышымыз. Өнер орталығының 9 жыл толған туған күнінде облыс төріне, сол шығармашылық орталықтың қақ алдындағы амфитеатрда концерттік бағдарламасын ұсынған өнерлі Шыңғырлаудың, шырайлы Шыңғырлаудың бүгінгі сахнасында осы орталықтың жаңа ұжымы «Кездер-ай» этно- фольклорлық ансамблінің тұсауы кесіліп отыр. Өнер орталығының осындай игі істеріне Шыңғырлау ауданының ерекше ықыласы әсер ететін сияқты көрінеді маған. Аман болайық, жақсы күндеріміз көп болсын, - деген орталық басшысының ізгі тілегіне көремендер қошеметпен құрмет көрсетті.

Асу Тұран

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале