Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай Шыңғырлау ауданы атшабар алаңында ұлттық ойындар – тай, құнан және топ бәйгеден аудандық маусымашар жарысы ұйымдастырылды.
Додаға көршілес аудандардан шабандоздар сәйгүліктерін баптап келіп, қатысты. Ең алдымен тай жарыс, кейіннен құнан және топ бәйге өткізілді. Ашылу салтанатында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Ауданның құрметті азаматы Адақ Танабайұлының батасын алып, шабандоздар тартысты доданы бастап кетті.
Қазақ халқы отыз ойын, қырық күн тойын тойлайтын халық. Төл мерекеміз әз-Наурызды атап өтудің бүгінгі бастамасы ертең мерекелік бағдарлама ретінде жалғасын таппақ.
Тартысты доданың нәтижесінде Тай бәйге бойынша Бөрлі ауданынан Нұрлан Дәулетқалиевтың Қосжүрек аты, Құнан бәйгеде Тасқала ауданынан Дәулет Мажиковтың Мерей сәйгүлігі, Топ бәйгеде Бөрлі ауданынан Абат Абдрахмановтың Пегас атты жылқысы оқ бойы озып, жеңіске жетті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер Шыңғырлау спорт клубы атынан дипломдармен, кубок, медальдармен марапатталды.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы