Халқымыздың ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы жылдар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Ал салт-дәстүрдің барлығы да отбасы ұғымымен, жанұямен тығыз байланысты. Сондай-ақ, елімізде жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісі Отбасы күні ретінде кеңінен мерекеленіп келеді.
Себебі отбасы институтын сақтау және нығайту мәселесі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Осы маңызды да қасиетті дәстүрлерді ардақты аналарымыз бен көпті көрген қарияларымыз жас ұрпаққа, іздерін басып келе жатқан жас отбасыларға насихаттап келеді.
Шыңғырлау жерінде де ұлтымыздың қазақи мәдениетіне, салт-дәстүрімізді дәріптеуге өз үлесін қосып жүрген үлкендеріміз аз емес.
Оның ішінде «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана Талшын Тажекенова, зейнеткер – ұстаз Ырысты Ешмуханованың еңбектері айтуға тұрарлық.
Мерекеге орай «Шыңғырлау» отбасы орталығы атынан осы аталған аналарға гүл шоқтары табысталып, тілектер айтылды.
Құттықтаудан соң «Отбасылық дәстүрлер: тарихымызды сақтаймыз» тақырыбында пікірлесу, дөңгелек үстел жұмысы ұйымдастырылды.
Айсұлу Арыстанова
Шыңғырлау ауданы