Шыңғырлау ауданы әкімдігінде адам мен малдың жұқпалы ауруы сарып және қауіпті құтыру, адам папилломасы вирусы ауруларының алдын алу бойынша шаралар, мәселелер талқыланған жиын өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев төрағалық етіп, Шыңғырлау аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аудандық аумақтық инспекциясының, аудан әкімдігінің «Шыңғырлау ауданының Ветеринариялық станциясының» басшылары, аудандық аурухананың жауапты маманы қатысты. Күн тәртібіндегі басты мәселе жануарларда кездесетін жұқпалы сарып ауруының алдын алу шаралары мен орын алған жағдайлары бойынша жиынға қатысушылар баяндама жасады. Сарып ауруы малдан адамға жұғады, және де бұл қауіпті вирустық дерттердің бірі. Оны жұқтырған адамның денсаулығына ғана емес, психикасына да зақым келіп, асқынған жағдайда еңбекке жарамсыздыққа әкеліп соғады. Сондықтан да малдардан қан сараптамаларын алу өте маңызды. Сарып ауруы анықталған жағдайда ауру малды бірден оқшаулап, айналасында болған малдардың барлығы тексеріледі. Олар жайылған өріске сау мал жіберілмейді, және ауру анықталған үйдегі адамдар да тексеруден өтіп, мал қорасы түгел дезинфекцияланады. Бұл жұмыстарды жауапты органдар жүргізеді. Дегенмен халық арасында малын жасыратындар, қан алуға қарсылық білдіретіндер де кездеседі екен. Сол сараптамадан өтпеген мал басы ауру болып шықса, салдары да жақсы болмайды. Сондықтан да мал баптаған барша ауыл тұрғындарын жауапты органдардың қызметтеріне кедергі болмай, керісінше қауіпті дерттің алдын алуға атсалысуға шақырамыз.
Былтырғы жылдың көрсеткішіне қарағанда ауруды жұқтырған науқастар саны біршама азайған. Осының барлығы дер кезінде атқарылған профилактикалық шаралардың нәтижесі. Алдағы уақытта да тексеру, бақылау, түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек.
Екінші кезектегі мәселе - құтыру ауруы бойынша баяндама жасалып, ортаға ұсыныстар тасталды. Құтырған жануарлардың адамдарды қауып, тістеп алуынан жұғатын осы аурудың жыл сайынғы көрсеткіші төменедемей тұр. Жабайы жануарлар далада жүріп ауруға шалдықса, үй жануарлары вирусты қараусыз қалып, көше кезіп қаңғыған кезінде жұқтыруы мүмкін. Сол себепті үй жануарын ұстайтын әрбір адам оларды жанында ұстап, дер кезінде қажетті вакциналарын салып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету керек. Бұларды орындамаған жағдайда тек жануардың емес өзінің, өзгелердің де денсаулығына қауіп төндіреді.
Бұл мәселе бойынша жауапты органдардан жануарларға алдын-ала екпе салу, иесіз ит, мысықтарды аулау, құтыру ауруының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жіті жүргізіп, үй жануарлары мен жабайы аңдарды бақылауды күшейту ұсынысы білдірілді.
Сондай-ақ жиын соңында адам папилломасы вирусының таралуының алдын алу мақсатында вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, аурудың туындауы, симптомдары, салдары туралы барлық маңызды ақпаратты халыққа жеткізуді ұйымдастыру тапсырмалары берілді.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы