Шыңғырлау аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада Шыңғырлау ауданының әкімі Әлия Мұханбетжанова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерейлі мерекемен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде Тұңғыш Президенттің әлемдік аренадағы беделінің зор екеніне тоқталды. Ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, күллі әлемді бейбіт жолға шақырған Елбасының дамыған отыз елдің қатарына ену міндетін алдымызға мақсат етіп қойғанын да баса айтты.
Салтанатты жиында өз еңбектерінің озаты болып, жылдар бойы Шыңғырлау ауданының өрлеуі мен өсуіне үлестерін қосқан тыл және еңбек ардагерлері Л.Мисикова, В.Лукьянов пен Ж.Тұяқоваға аудан әкімінің алғысхаттары табыс етілді. Еліміздің жарқын болашағы үшін аянбай қызмет еткен М.Бекжанов, Қ.Абдрахманов, К.Таңатов, Қ.Мусин, Х.Тоқтығалиева, Ө.Таев секілді бірқатар азаматтар да аудан әкімінің алғысхаттарымен марапатталды. Марапаттау рәсімі «Nur Otan» партиясы қатарына жаңадан қосылған жандарға партиялық билеттер табыстауға ұласып, одан кейін мемлекеттік қызметке қабылданған жас мамандардың ант беруімен жалғасты.
Елбасы болашағын бүгіннен ойлаған кемеңгер саясаткер. Осы орайда Н.Назарбаевтың күні кеше жариялаған Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттары барша қазақстандықтарға терең ой салары хақ. Жиында сөз алған Шыңғырлау ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз А.Шотпанов қағидаға кеңінен тоқталып, Тұңғыш Президенттің ерен еңбегін атап өтті.
Жиын соңы Тұңғыш Президент күніне арналған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы