6.08.2020, 11:41
Оқылды: 45

Шыңғырлауда жалпы сенбілік өтті

Жуырда Шыңғырлау ауданы көлемінде жалпы аудандық сенбілік өтті. Оған мекеме қызметкерлері, ауыл тұрғындары белсене қатысты. Сенбілік барысында ауыл көшелерінен 16 тонна, Жаңакүш су қоймасының жанынан 8 тонна қоқыс қалдықтары жиналып, шығарылды.

4867EAF7-90CC-4EF3-82B9-B3874D2990DA

«Сенбілік жұмыстары әлі де жалғасын табады. Алда арам шөптерді шабу, ағаш түптерін қопсыту, гүлзарларды суару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отыратын болады. Бұл істе де барша ауыл тұрғындарының белсенділік танытып, тазалыққа жауапкершілікпен қарауын сұраймыз. «Теңіз тамшыдан құралады» демекші, әр тұрғын өз ауласының алдын тазалап отырса, бұл аудан көшелерінің көркеюіне де қосылған үлес болар еді»,- дейді Шыңғырлау ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Әділ Қаражанов.  

13ECEE8C-0722-4A8D-88BE-174BADD89822

Жалпы сенбілік жұмыстары ауданымызға қарасты басқа да ауылдық округтерде жүргізіліп келеді. Әсіресе жазғы уақытта тұрғындар көп баратын Елек өзені, Қонақай көлі, Сарқырама су құламалары жағасындағы тазалық жұмыстары басты назарда. Себебі жаз болса дамалушылардың салғырттығынан көрікті жерлеріміздің күйі кетіп, қоқыстан көз ашпайтын кездері де болады. 

«Жылда Сарқырамаға келушілердің қарасы өте көп. Күніге сексенге жуық көлік тұрады жағада. Аудан тұрғындарын қоспағанда Жымпиты, Қаратөбе аудандарынан, Ақсай қаласынан келеді көбі. Келуін келгенмен, кетерде қоқыстарын жинап, орындарын тазалауға немкеттілік танытатындары бар. Ауыл тұрғындары болып бірлесіп, сенбілік жұмыстарын өзіміз жүргізіп отырамыз. Қоқыс біздікі болмағанмен, киелі Сарқырама өзіміздікі ғой»,- дейді Қарағаш ауылдық округ әкімі Еділ Бекжанов. 

Табиғат-анаға құрметпен қарау - әр адамның парызы. Ауданның тынысы таза болса, елдің ырысы артатынын ұмытпайық, ағайын!                                                                              

С.Байболат,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале