Шыңғырлау ауданының Ақшат ауылында бұқаралық спортты дамытып, өрістету мақсатында ашылған жаңа спорт алаңы тұрғындарды мерекелік көңіл күйге бөледі.
Салауатты өмір салтын ұстануға, спорт түрлерімен жаттығатын жастарға үлкен мүмкіндік беретін су жаңа спорт алаңы бірден көзге түседі.
Салтанатты шараға арнайы келген аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев осындай жаңа спорт алаңдарының көп салынуы өскелең ұрпақтың бойында спортқа деген талпынысты ұштап, өзін өзі шыңдауға үлкен серпіліс беретіндігін атап өтті.
Сонымен қатар ауылдың жастарынан басқа аға буынның да спортқа ден қоюы денсаулықтың бірдін бір кепілі екендігін жеткізіп, ауыл жұртын құттықтады.
Ашылу рәсімінде ауыл ақсақалы Амантай Қарлыбаев сөз алып, көптен күткен қуаныш ұзақ болғай, осындай игі істер атқаратын табанды да елжанды азаматтарымыз көп болсын деген игі тілегін жеткізді.
Лента қиылған соң әжелер шашу шашып, ән шырқалды. Шара соңы шағын футболдан өткізілген жарысқа ұласты.
Гүлшат Ибрагимқызы,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz