12.01.2018, 17:53
Оқылды: 120

Шыңғырлауда жыл сайын су шайып кететін көпір мәселесі түбегейлі шешілді

Шыңғырлау ауданының Белогор ауылында жаңа көпір ашылды.

Иә, әр көктем сайын ауыл халқының уайымына айналып, тасыса төрт аптаға дейін сабасына түспейтін іргедегі Шыңғырлау өзеніне 7 млн. теңге қаржыға қайтадан көпір салынды. Қайтадан делінетін себебі, бұл көпір жылда жергілікті әкімшіліктің, ауыл азаматтарының күшімен кішігірім жөндеулерден өтіп тұратын. Тоқтала кетсек, сәл бұрынырақта жыл сайын шайып кететін көпір орнына ауыл кәсіпкері Мият Еспембетов «КАМАЗ» жүк көлігімен 11 мәрте бор, 4 мәрте топырақ тасытып, халыққа қажетті істі жөнге келтірген еді. Бірақ шілдеде жуас, сәуірде «шу асауға» айналатын «Шыңғырлау» өзені тасыған сайын осындай жұмыстарды зая кетіретін.

Енді, міне, ауданымыздағы ірі кәсіпкерлік «Жарас» ЖШС қаржы салып, шаруашылық техникаларын жұмылдырып, бетонды құрылыс материалдарымен көпірді салып, түбегейлі орнатып берді. Енді көктемгі тасқынға төтеп бере алатын көпірі бар ауыл тұрғындары осынау істің басында тұрған кәсіпкерлер әкелі-балалы Алғали, Мирболат Тасмағамбетовтер мен олардың құрылысты жүргізген бригада мүшелеріне зор алғысын білдіруде.

IMG_3244-Азаматтарға алғыс көп. Ауданмен арадағы Ащы өзені (оның көпірі бар) тасығанда үш күн, күшіне мінсе бір жұма тасиды, ал Шыңғырлау өзені бір ай өткел бермейді, ай бойына қайықпен қатынайтын едік. Жыл сайын жаздың бір айы осы көпірді жөндеуге кететін. Су тасығанда кісі өлімі де болды. Елдің мұңына қанық айтулы азаматтар осының бәрін ескере жүріп, халықтан бір теңге алмастан осындай игі іс жасағанын қалай айтпасқа. Мына Мирболат Торыатбас ауылына қатынайтын жолдағы көпірді екі қайтара салып берді. Бүкіл ақтаулықтар қуанулы, әрі әр отбасы алғыстарын жаудыруда,- дейді ауылдың ардақты қарты, ауданның құрметті азаматы Клим Нұғыманұлы Бексейітов.

Осы игілікті іске іссапармен жүріп, арнайы келіп қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов ауыл халқын жағымды жаңалықпен құттықтады. Ол Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасынан туындайтын бастамаларға үн қосқан ауыл азаматтарына зор алғысын білдіріп, Мерболат Тасмағамбетовке және осындай бастамаларға үн қосып, демеушілік көрсетіп жүретін жергілікті тұрғын Таубай Мұқановқа өз атынан алғыс хаттар табыс етті.

Осындай ізгі лебізін БҚМУ доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев те арнап, жарияланғанына дәл 9 ай толып отырған Елбасы мақаласының аясында көптеген игілікті істердің атқарылғанын, дінімізде де айтылатын «шөл далада-құдық қазғанның, мешіт салғанның және қиын жерге өткел салғанның» сауабын да айта келіп, елге қамқор азаматтарға ризашылығын жеткізді. Осылайша, ауыл маңындағы асау өзенге өткел салынды.

Көктем сайын қайыққа қарап қалатын ағайынның жан-жақпен қатынасы қиындап, асау өзеннен айға жуық азар көретін. Белогорлық ағайын енді мұндай қиыншылықтар болмайды деген сенімде.

Қаршыға Елемесов,
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале