22.05.2025, 17:30
Оқылды: 389

Шыңғырлаудағы музей түні

Шыңғырлау аудандық тарихи өлкетану музейінде «Шыңғырлаудың археологиялық қазынасы» атты «Музей түні» шарасы оздырылды. Шара музей директоры Тілеген Қалиевтің кіріспе сөзімен ашылды.

Изображение WhatsApp 2025-05-21 в 09.04.59_d8a344ba

Жалпы аталған шара 1978 жылдан бастап өткізіліп келеді. 1997 жылы Германияда, 2005 жылы Францияда тойланған мерекені 2006 жылы 2000 музей қолдап, өткізген екен. Музей директоры Тілеген Кенжетайұлы өз жұмыстарының сан-салалы күрделі жайына тоқталып, болашақ жоспарларын айтып өтті. Осыдан соң жиналғандарды аудан әкімінің орынбасары А.Бисембаев құттықтап, музей ұжымы жұмысына сәттілік тіледі.

«Музей түнінің» негізгі бөлімінде «Жайық қалашығы» қоры музей қызметінің аға қызметкері Яна Лұқпанова терең мағыналы, салиқалы баяндама жасады. Нақты мысалдармен дәлелдей отырып, шебер баяндай білген ғалымның жағымды дауысы мен түсіндіру шеберлігі көпшілікке ұнады. Баяндамашы өз сөзінде өткен ғасырлар сырына баға бере отырып, Елек пен Шыңғырлаудың сағасында отырған іргелі еліміздің археологиялық құнды жәдігерлерге бай, тарихы терең, болашағы зор екендігіне тоқталды. Сегізсай, Ащысай, Елекшар, Ұрысай жерлеріндегі қазба жұмыстар нәтижелеріне тоқталып, оны зерттеген ғалымдар жөнінде де толық мәлімет берілді.   Қазіргі таңда белгілі археолог К.Алтынбеков қалпына келтіріп жатырған біздің жерден табылған жәдігерлердің аудан музейінен орын алатындығы жөніндегі хабарды жерлестеріміз қуанышпен қабылдады.

Изображение WhatsApp 2025-05-21 в 09.05.24_3cbc6346 (1)

Өз кезегінде сөз алған облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының орынбасары А.Берікқалиева келгендерді құттықтап, музей ісіне жанашырлық танытып жүрген бір топ жерлестерімізге «Музей жанашыры» төсбелгілерін табыстады.

Кеште өнерпаз Р.Жұрмағамбетов ән салып, соңы мерекелік дастарханға ұласты.

                                                                                                   Адақ Танабайұлы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале