Бүгін Шыңғырлау ауданы әкімі Мұрат Өмірәлиев республикалық пән олимпиада жеңімпаздарын қабылдады.
Аудан басшысы биылғы оқу жылында ерекше дарындылығымен танылған, білім бәсекесінде жүлделі орындарды иеленген орыс тілі мен әдебиеті пәнінен жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ орын иегері А.Тихоненко атындағы мектептің 11-сынып оқушысы, «Алтын белгіге» үміткер Кучер Светлана мен оның жетекшісі педагог-зерттеуші орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Амина Назарованы және Қазақстан тарихы пәнінен 5-6 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың жүлделі І орын иегері Л.Қылышев атындағы мектептің 6- сынып оқушысы оқу озаты Жансая Әйтім мен ұстазы педагог-зерттеуші тарих пәнінің мұғалімі Арайлым Жақсыбаеваны құттықтап, марапаттарын және бағалы сыйлықтарын табыстады.
Аудан әкімі Мұрат Амангелдіұлы оқушылардың бойындағы дарынды анықтап, білімін ұштап, бағыт берген ұстаздарының еңбегі үшін алғысын білдіріп, олимпиадаға дайындық барысы жөнінде пікір алмасты. Жеңімпаздарға олимпиаданың өту барысын, қаншалықты қиын болғандығы және болашақ жоспарлары жөнінде сұрады.
Өз сөзінде Светлана Кучер қарсыластарының, әсіресе Астана, Алматы, Шымкент қалаларының білім алушылары мықты болғандығын тілге тиек етсе, Жансая Әйтімнің 50 баллдың 47 жетісін жинап, жүлделі І орын иеленгендігі айтылды.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Есенов бұл республикалық олимпиаданың ерекшелігі әрі қиындығы - сайыста тек жай ауыл мектептерінен басқа, лицей, гимназия, қалалық мектеп оқушылары тең түрде білім сынағандығында екендігін айтты. Дегенмен сенім артқан оқушылары үміттерін ақтағанын айтты. Сонымен қатар, олимпиадаға дайындаған қос ұстаз Амина Назарова мен Арайлым Жақсыбаева кәсіподақтан Ақжайық санаторийіне тегін жіберілетін хабарлады.
Қабылдау барысында ұстаздар да аудан басшылығына жылы лебіздері үшін ризашылықтарын білдірді.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz