Шыңғырлау ауданындағы елу жылдық тарихы бар халықтық «Арай» вокалды аспаптар ансамблінің шығармашылық жолын білмейтіндер кемде-кем.
Талай өнер кештерінің сәнін келтіріп жүрген өнерлі ұжым осы жылдар белесінде белді-белді байқауларда бақ сынап, ауданның мерейін көтеріп келеді. Жуырда аталған ұжым Қаратөбе ауданында өткен «Сазды әуен мен сырлы үн» атты облыстық байқауда бақ сынап, жүлделі І орынға қол жеткізді.
Аталмыш байқау Ғ.Құрманғалиев атындағы Қаратөбе аудандық мәдени-демалыс орталығының 40 жылдығына орай және ҚР Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Е.Хасанғалиевті еске алу мақсатында ұйымдастырылды.
Эстафета бойынша жеңімпаз болған өнер тобы келесі жылы өз ауданында барлық музыканттарды, вокалдық аспаптар ұжымдарын қабылдап, облыстық байқау өткізуге тиісті.
«Арай» вокалды аспаптар ұжымы келер жылғы мерейтойға әзірлікті бастап, халыққа жаңа ізденістерімен жарқ етпек. Ансамбльдің жетекшісі Саин Ажғалиев шығармашылық ізденіс жолындағы жылдардан жұртшылықтың жадында қалған естеліктерді жаңғыртуды көздеп отыр.
Гүлшат Ибрагимқызы
Шыңғырлау ауданы