23.08.2024, 9:16
Оқылды: 308

Шыңғырлаулық отбасы шағын кәсібін дөңгелетіп отыр

Шыңғырлау ауданы бойынша 1 301-ге жуық жеке кәсіпкер тіркеліп, оның 957-сі белсенді қызмет етіп келеді. Ауданның шағын және орта кәсіпкерлік саласына өз үлестерін қоса отырып, өнім өндіріп, оны күштерімен сатылымға шығарып, жергілікті жердің экономикасына біршама септігін тигізіп отырғандар мақтауға тұрарлық.

F6E2FF91-F3D0-45C1-9686-ADA98989C263

Соның ішінде мал, құс көбейтіп, пайдасын көріп, адал еңбектің арқасында бай да бақуатты өмір сүріп жатқан шаруа жандардың істері жан жадыратады. Тек мал өсіру ғана емес, кәсіптің тағы бір бағыты көкөніс өсірумен де шыңғырлаулықтар машықтанып алған.

Ауладағы қияр-қызанақтан бастап, қауын-қарбызын, картобын тонналап саудаға шығаратындар да біздің жерлестер. Өсіріп, өнімдерін жерлестеріне тиімді бағамен сатудың өзі үлкен еңбектің, іскерліктің көрінісі десек болады.

Тіпті шыңғырлаулықтардың үй жағдайында шұжық шығарумен, кептірілген жемістер өндірулерімен де көзге түскендері қуантады. Ал үй жағдайында кәмпит, печенье, торт, бәліш пісіретін қыз-келіншектерді көпшілік жақсы таниды және өнімдерін үнемі сатып алады. Соған қоса нан өнімдерін өндіруге әбден машықтанған жандар да аз емес. Соның ішінде азық-түлік тұтынғанда бірінші кезекте, әрі күнделікті тұтынатын тауар саналатын кәдімгі таба наны да көпшіліктің үлкен сұранысына ие болып жүргендігін айтпай кетпеске болмайды.

Ауыл-аймақтарды санамағанда аудан орталығының өзінде бірнеше нүктеде нан өнімдері сатылымға шығарылып келеді. Аудан халқына қаладан (Орал, Ақсай қалаларынан) келетін нан өнімдері кейде аздық ететіні түсінікті, сондайда жеке кәсіпкерлер шығаратын нан өнімдері тұтынушыларын толықтай қамтуға мүмкіндік етуде. Олардың қатарында алты ай көлемінде жеке аула ішіндегі шағын цехын іске қосқан «Азамат» жеке кәсіпкерлігі де бар.

ADD596E8-6DF2-4F5A-9752-817514748AB2

Шыңғырлаулықтарды дәмді әрі ыстық нанымен тәнті еткен кәсіп иелері енді өз өнімдерін қызармай-ұялмай дүкен сөрелеріне орналастыратындай жағдайға жеткен. Нақтырағы сол, Шыңғырлау тұрғыны Азамат Оқасовтың шағын цехы күніне 300 бөлке нан өндіреді. 190 теңгеден сатып, өндірісіне 1 сортты және қоңыр ұнды пайдаланып келеді.

Жеке кәсіпкер Азамат Абзалұлының айтуынша, кәсібін үш қапшық ұнмен бастаған. Ең алдымен қытайлық шағын пеш сатып алып, пайдаланып көрген. Алғашқы нанды көрші-көлем, таныстар мен дос-жарандары сатып алып, нанның сапасы керемет деп қолпаштаған. «Көз қорқақ, көз батыр» дегендей, бара-бара алушылар саны көбейіп, күнделікті пісіретін нанның да санын өсіру қажеттілігі туындаған. Цехтағы басты наубайханашы – анасы Гүлжиян. Әрине, бұл істің – басы-қасында кәдімгі нан пісіруді жақсы білетін адам қажет, сондайда, цехты анасынсыз көзге елестету мүмкін емес.

Сол себепті баласы: «Бізге айтылған барлық мақтаулар тек осы кісіге!» деп үнемі айта жүреді екен. Сөйтіп қазіргі кезде анасы Гүлжиянның қолымен, келіншегінің қолдауымен жұмыстары жүріп жатыр. Бүгіндері аулаға орналасқан шағын цехта бір қамыр илегіш, екі шағын пеш тынымсыз істеп, тұтынушыларын күн сайын ыстық нанмен қамтуда.

Ал дәмді нан пісіретін Гүлжиян туралы айтсақ, «Ұстазы мықтының – ұстанымы мықты» деген нақыл сөз есіңе түседі. Ол бірнеше жыл «Аружан» кондитерлік цехында еңбек еткен.

«Кезінде аудан түгілі, облысқа танымал кәсіпкер технолог-кондитер Сәния Намиеваның көмекшісі болып жүріп, осы нан пісірудің қыры мен сырын үйренгенім мен үшін үлкен көмек болды.

Үйренгенім мол болды. Тәжірибем жеткілікті. Егер ол мектептен өтпесем, бұлай нан пісіру қолымнан келмес еді. Сәния Юсупқызына алығысым шексіз», - дейді Гүлжиян.

 

Нан пісіретін қалыптары небәрі – 63. Нан салатын пештерге электр қуатын пайдаланатын болғандықтан, ай сайын 60 000 теңгенің шамасында төлем төлеп отыр екен. Ұнды тиімді бағамен сатып алуға мүмкіндік жоқ, ал қаладан әкелуге жолдың шығыны бар.

 

Гүлжиян нан ашытқысына үлкен мән береді. Себебі ескі ұн болса, әрі ашытқы қытайлық болса, онда нанның сапасы болмайды. Әрі нан қасиетті тағам болғандықтан, таза әрі жұртшылық сүйсініп жейтіндей дәмді етуге күшімді салудамын дейді наубайханашы.

Бір өкініштісі, осы өткен алты ай ішінде өзіне көмекші көп іздеген, бірақ табылмапты. Сол себепті ұлы, отбасы, ауруханада мейірбике болып қызмет жасап жүрген келіні Әйгерім қол ұшын беру арқылы бастаған ісін жалғастырып келеді екен.  

Тағы бір мәселе –  мемлекет тарапынан берілетін қолдау көмек саналатын «Ауыл аманаты» жобасына да ілікпепті. Себебі статус келмейді.

«2,5 пайыздық несие алсақ, біздің ісіміз бұдан әрі ілгерілеп кетері сөзсіз. Себебі өздеріңіз байқағандай, біздің өнімді тек қана үйден келіп қана алмайды, біз «Астана», «Патриот» супермаркеттеріне уақтылы түрде нан өнімідерін жіберіп отырмыз», - дейді жас кәсіпкер Азамат.  

Субсидияның да ыңғайы келмепті. Қазіргі таңда өз күштерімен, өз еңбектерімен халықтың көңілінен шығып отырған Оқасовтарға біз де сәттілік тілейміз.

Айсұлу Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале