16.01.2025, 12:15
Оқылды: 267

Шыңғырлаулық Салтанат - үш мәрте ғылым магистрі

Шыңғырлау жерінің топырағынан талай ақын-жыршы, тарихшы, ғұламалар да өмірге келген. Бізге дейінгі тарихты ақтарсақ, елін-жерін қорғаған баба-батырлардың да тектілігі сондай, олардың қасиеттері мен елі үшін жасаған ерліктері ғасырлар бойы, күні бүгінге дейін айтылып келеді.

Заман көшіне ілескен, талай жаңарып-талай жаңғырған еліміздің адамдары да қандай өзгеріске де бейім тұрып, елдің елдігін,қазақи менталитетін сақтап келеді. Ол үшін білім, ғылым, ізденістердің берері мол. Әсіресе, оқу-білім, өнер, ғылым қуып талай төрт құрлық асып, ұлттық құндылық пен жаңашыл қасиеттерді  бірге алып жүрген жастарымыз қаншама?! Солардың бірі  біздің шыңғырлаулық қызымыз Салтанат Абдуғазиева.

WhatsApp Image 2025-01-16 at 12.30.08

Армандары жетелеген Салтанат теңіз асып, ең бір білім ордаларының қабырғасында біліммен сусындап, дамып, жетіліп, бүгіндері халықаралық деңгейдегі орталарда өзінің де білген-түйгені ортаға салатындай дәрежеге жетті. Десек те әлі де көбірек білсем деген талабы таудай. Осынша жасқа келгенше төрт тілді еркін меңгеріп, білім жауҺарларын тізіп, жинап жүргені...

Өзгелерге үлгі қылуға тұрарлық қыз туралы айтуды біз де жөн көрдік.  Салтанат Хамитқызы Л.Қылышев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің түлегі. 1-ші сыныптан бастап  оқу озаты болып, мектепті де үздік бітіріп шықты. Мектеп қабырғасынан қоғамдық жұмысқа әркез белсене араласып, көптеген пәндік олимпидалардың жүлдегері болып мектептің мерейін көтеріп келді. «Болатын бала алысқа қарайды» жеп Төле би айтқандай жасынан білімге деген құштарлығы  ерекше болды. Оған бір жағынан  өзінің де туып өскен ортасы - Адуғазиевтер отбасы себеп болғаны рас. Үйдегі қос ұстаз, Хамит Салауатұлы мен Кітабия Іскендірқызының  тәлімді тәрбие мен білімнің дәнін егіп, жақсы өгегесін де бергені ақиқат.

Мектеп қабырғасынан аттасымен қызымыз Салтанат Абдуғазиева Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің «Халықаралық қатынастар» бөліміне түседі. Оны үздік дипломмен бітіріп, Ресейдің РУДН, соңынан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нен магистратура тәмәмдайды.

Білім қуған Салтанат Италияның Тор-Вергата мемлекеттік универститінен «Халықаралық құқық және экономика», АҚШ-тың Калифорния штатының Сан-Диего мемлекеттік университетінен «Халықаралық қатынастар» бойынша үш мәрте ғылым магистрі деген дәреже алады.

Қазіргі таңда Салтанат Хамитқызы АҚШ-тың Чикаго мемлекеттік ғылыми-зерттеу университетінде қызмет жасап және ғылым докторы атағын қорғауда. Білім жолы инемен құдық қазғандай, тынымсыз ізденіс пен толағай еңбек  қыздың құрыштай қайнап, болаттай жігерленуіне әбден мүмкіндік беріп, шыңдап келеді. «Әкешім, мен тағы бір дессертацияны қорғап шықтым!» деген қуанышты хабарлары үнемі ата-анасының төбесін көкке жеткізіп,  балаға деген махаббатымен қоса ризашылық сезімдерін толқындай тасытатыны  рас.

Мақтаныш сезімі өз алдына, мысалы 2024 жылдың 26-29 қыркүйек аралығында АҚШ, Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясының жоғарғы деңгейдегі аптасында өткен Халықаралық жас ғалымдардың конференциясында спикер болғанын (International Youth Conference) көру,  ата-ана үшін ұрпағының  болшағы жарқын, алар асулары  биік екендігін тағы бір дәлелдегендей болды. Ал, Салтанат төрткүл елдің ғұламаларының алдында  сөз сөйлеуі, екінің бірінің қолынан келе бермесі анық. Сонымен қатар конференцияның тақырыбының өзі салмағы мен маңыздылығы  өте жоғары - әлемді алаңдатып отырған ядролық қарудың қолдануына жол бермеу тақырыбындағы  жиын еді.

Мақаламыздың кейіпкері  қазіргі уақытта АҚШ-тағы Калифорния, Мидлбюри институтының Ядролық қаруды таратпау зерттеулері орталығында (Middlebury lnstitute Center for Nonproliferation Studies) зерттеу бағдарламасының стипендианты болып табылады. Шетелдегі әрбір күнін таза еңбекпен, өзін жетілдірумен өткізетін Салтанаттың болашағы жарқын, уақыт өте келе оның тек  ата-ананың мақтанышы  ғана емес, тіпті  еліміздің де мақтан тұтар тұлғасы боларына сенім мол.

Батыстың ақиық ақыны Ақұштап Бақтыгереева: «Өмірде қыз болу бар да, нағыз қазақ қызы болу мүлдем бөлек», – деген. Сол сияқты ата-дәстүр, салт-сананы берік ұстанып өскен қазақ қызы қай ортада болмасын, өзінің ерекше болмысымен көзге түсері анық. Қазақ қызының асыл қасиеттерімен, сыр-сымбатымен бірге білім парасаты да дараланып тұруы тиіс дегендей, қазақ қызы деген ардақты атқа лайықты ата-баба тарихын, салт-дәстүрін жүрген жерінде мақтанышпен насихаттап жүрген қызымызға  біз де тек амандық,  күш-жігер, жетістіктер тілейміз.

Салтанат Хамитқызы жастарға үлгі, еліміздің мақтанышы боларына сенім мол, қашанда шыңғырлаулық қыздың мерейі өсе берсін.

                                                                                             Айсұлу Муса,

                                                                                      Шыңғырлау ауданы

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале