«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, Шыңғырлау ауданы бойынша қысқы мал азығына 103 мыңға жуық тонна шөпті әзірлеу оңай шаруа емес. Оның үстіне арасында үздіксіз жаңбыр жауып, ауа райы да қолайсыздық танытқаны тағы бар.
Жыл сайын Шыңғырлау ауданында мал санының көбеюіне байланысты шөп дайындау жоспары да артып отыр. Мәселен, өткен жылғы шөп жинау жоспары 93 178 тонна болса, биылғы меже бойынша 102816 тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның үстіне былтырғы дайындалған шөптен көп болмаса да, 8 мыңға жуық шөп артығымен қалғаны қуантады. Сонымен қатар Казталов, Жаңақала, Бөрлі аудандары мен Маңғыстау облысының тұрғындарына 20 мыңнан астам бума шөп сатылған еді.
Ауылдық округ әкімдерінің 12-ші шілдедегі мәліметтеріне сәйкес, округтерде қазіргі күні 25 562 тонна шөп дайындалып, жоспар 24,9 %-ға орындалған. Жалпы аудан көлемінде қысқы мал азығын дайындауға 289 трактор, 159 маялағыш, 127 шөп жинағыш және 201 орақ, тырма жұмылдырылған.
Шөп науқаны басталғалы бері аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова да шаруа қожалық басшыларымен кездесіп, жұмыстың барысын қадағалады.
Аудан басшысы шаруа жандардан жұмысшылардың жеткілікті болуын, техникамен жабдықталуын, жалпы шөптің шығымын сұрап, сатылымға шығаратын мал азығының құны жоғары болмауын тапсырды. Сонымен қатар Әлия Биғазықызы бір жылдық шөп егумен шектелмей, керісінше көп жылдық шөп егіп, өсіндінің сапасын арттыру, қосымша жаңа техникалар сатып алу және ең бастысы өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырды.
Өз кезегінде шаруа қожалық өкілдері тарапынан шөптің шығымына, арзандатылған жанар-жағармайға шағым болмағанымен, шөп науқанына атсалысатын жұмысшылардың, білікті мамандардың тапшылығын алға тартты.
Биыл ауыл тұрғындарына шөптің бір бумасы Қарағаш, Ақтау, Ақшат ауылдық округтерінде 3000 теңгеден басталса, аудан орталығы мен Ащысай ауылдық округінде 5000 теңгеден жеткізілуде.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz