16.10.2024, 9:15
Оқылды: 233

Шыңғырлаулық суретші музейге тарту жасады

Бұл өзі күтпеген кездесу болды. Түскі үзілістен ерте келіп, алдағы жұмыстардың жоспарымен отырғанбыз. Музей есігі баяу ашылып, ішке жайлап басып бір жігіт ағасы кіріп келе жатты.

Без имени.jpgсурет

Жөн сұраса кеткенде «Сағидолламын» дегенде, есіме сап ете қалды, Сағидолла Әбуов, кәдімгі Ново-Петровканың мүсінші, суретші Сағидолласы!

Музейімізде оның көрмесі бар. Суреттері де, мүсіндері де сөрелерімізді сәнді етіп тұр, яғни, іздесең таптырмайтын жан, өнерлі азамат. Ол да қуанып қалды, көріп көзайым боп қауқылдасып қалдық. 

Әңгіме де сурет, мүсін жайына ауысты. Көп оқымағанымен, тоқығаны мол екені сезіліп тұр. Кейіпкеріміз толқу үстінде. Ақтөбе өңіріне қоныс аударғанын, Маржанбұлақ елді-мекенінде тұрып жатқанын тілге тиек етті. Әлі де суреттен де, мүсін жасаудан да қол үзбепті. Денсаулығына байланысты өндіріп жұмыс жасамаса да, жалғастырып жүргені көңілімізді қуантты.  

– Қарабатырұлы Бөкенбай баҺадүрдің үлкен суретін салдым. Оны салуға «Серпін» газетіне шыққан «Аққұмнан шыққан ақберен» атты мақала себеп болды. Сондағы суреттеулерді негізге алып, қолына найза, қылышы мен қалқанын қостым. Ту сыртына тұлпарын бейнелеп, тұрған жері ретінде Аққұм құмын бедерледім. Салып шыққан суретім өзіме де ұнады. Сол портрет пен соңғы жұмыстарымды музейге табыс еткім келеді. Еңбектерім елімнің төрінде тұрсын, - деді Сағидолла.

Қанша өнерлі болса да сонша қарапайым жанның жүрекжарды лебізі, адал ниеті мен елге деген ықыласына разы боп қалдық. Естеліктерімен бөлісіп, өткен-кеткенді айтып сүт пісірім уақыт отырдық. Ой мен сөз үйлескен жақсы отырыс болды — бұл. Қайда жүрсе де Қарағашын аңсап, Шыңғырлауын сағынып жүретін суретшінің қарапайым көңілі, елжанды пейіліне таңқалмасқа болмады.  

Осылайша, музей төріне жаңа жәдігерлер табысталды. Суретші сағынышының алдағы уақытта әлі талай туынды бедерлеп шығарына сенім арттық. 

• Бет қатталып жатқанда музейге Сағидолла Қарабатырұлы Бөкенбай баһадүрдің суретін әкеліп тапсырып кетіпті. Музей қоры жергілікті суретшінің тағы да бір бояуы кеуіп үлгермеген жаңа туындысымен толыққаны ерекше жайт.

Адақ Шотпанов

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале