Мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосқан зейнеткер Салия Журманова Құрылтай депутаттарының сайлауына 411 сайлау учаскесіне отбасымен бірге қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады.

Саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнаған Салия Журманова мемлекеттік қызметтің жауапкершілігін, халықпен етене жұмыс істеудің маңызын жақсы біледі. Еңбек жолында қоғам игілігі жолында қызмет еткен тәжірибелі маман үшін азаматтық белсенділік өмірлік ұстанымның бірі.
Бүгінде зейнеткерлік демалыста болса да, ел өміріндегі маңызды қоғамдық шараларға белсенді араласып, азаматтық көзқарасын білдіріп келеді. Бұл жолы да отбасы мүшелерімен бірге сайлау учаскесіне келіп, Құрылтай депутаттарын сайлауға қатысты.
"Елдің ертеңі әрқайсымызға ортақ. Мемлекеттік қызметте жүрген жылдары халықпен жұмыс істеп, елдегі өзгерістердің қоғам өміріне әсерін көрдік. Сондықтан бүгінгі сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасау – азаматтық міндетім деп білемін. Отбасыммен бірге келіп дауыс беру арқылы кейінгі ұрпаққа да ел тағдырына жауапкершілікпен қараудың үлгісін көрсеткіміз келеді",– дейді.
Зейнеткердің отбасымен бірге сайлауға қатысуы азаматтық белсенділіктің, отбасылық тәрбиенің және ұрпақтар сабақтастығының жарқын көрінісі. Үлкеннің өнегесі мен өмірлік тәжірибесі кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп, елдік мәселелерге жауапкершілікпен қарауға тәрбиелейді.
Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысып, өз таңдауын жасау әр азаматтың ел болашағына деген көзқарасын білдіруінің маңызды мүмкіндігі. Бүгін Салия Құсмағұлқызы да өз таңдауын жасап, елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді қатысатын азамат екенін көрсетті.
Елге сіңірген еңбек ұрпаққа өнеге, азаматтық таңдау ел болашағына жауапкершілік.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы