Халықтың әлеуетін жақсарту мақсатында «АMANAT» партиясы мен Үкімет бірлесе іске қосқан «Ауыл аманаты» бағдарламасы жеке кәсібін ашып, шаруашылығын дамытамын деушілерге үлкен мүмкіндік береді.
Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған шыңғырлаулық жас отбасы Азамат Аманшиев пен Сағынай Нагимова осы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5% несиеге қол жеткізген.
Жанұя берілген 8 млн 800 мың теңге қаржыға алты бас ірі қара және 1 000 дана қаздың балапанын сатып алып, құс шаруашылығын дамытуды қолға алды. Жас кәсіпкер Сағынай Нагимова Теректі ауданы, Аңқаты ауылының тумасы.
«Жолдасым Азамат 20 жылға жуық өрт сөндіруші, құтқарушы, тағы да басқа жұмыстарды атқарды. Осы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы несие алып үлкен еңбекті қажет ететін құс өсіруді қолға алып отырмыз. Өзім Л.Қылышев атындағы ЖОББ мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасаймын. Демалыс күндері шаруашылықтың басы қасында жүрген жолдасыма көмектесемін. Қыздарымыз да қолғанатқа жарап қалды. Бүгінгі нарықта құс еті үлкен сұранысқа ие екені белгілі. Осыған орай алған қаздарымыз еңбегімізге қарай өсіп кетсе, күзде сатып несібесін көрсек дейміз. Алдағы уақытта инкубатор аппаратын алып, үйден балапан бастырып, кәсібімізді жандардырмақ ойдамыз», - дейді жас кәсіпкер Сағынай Нагимова.
Аслан Аманбаев
Шыңғырлау ауданы