22 наурыз күні аудан орталығында “Қош келдің, Наурыз думан!” атты салтанат өтіп, барша шыңғырлаулықтар бір алаңда бас қосты. Асан қайғы алаңына құрылған үлкен сахна, киіз үйлер мен шатыр маңында той-думан басталды.
Қол алысып, төс қағыстырған ауылдастар, немерелерін жетектеген ата-әжелер, жүздері жарқын ер-жігіттер мен әшекейлері сылдырлаған қыз-келіншектер, алтыбақан теуіп, ойнап жүгірген балалар. Бұл көрініс жанға шуақ, жүрекке жылулық сыйлады.
Әсем сахна төрінде мерекелік әндер, әдемі билер, күмбірлеген күйлер орындалды. Концерттің шымылдығы халықтық «Шаңырақ» театрының көрінісімен ашылды. «Наурыз қыз» қош келдік айтып, «Күн мен түн» теңесіп, «Қыдыр ата» бата берді. Ортаға шыққан әжелер жүн сабаулап, бірі ұршық иірсе, бірі құрақ көрпе тігіп отырып «Беу-айдай» деп ән салды. Мерекені сағынған бір топ қыз-жігіт өлең шумақтарымен айтысып, «Наурыз» әнін қосыла шырқады.
Аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев сөйлеп, Ұлыстың ұлы күнімен шыңғырлаулықтарды құттықтады.
Осы жерде ол ауданда «Өз көшеңдегі тойдың дүбірін өзің баста» жобасы аясында көше тойларын өткізген бірқатар тұрғындарға алғыс хаттар табыстады.
Марапаттау рәсімінен соң мереке концерттік бағдарлама, ұлттық ойындарға жалғасты. Үздік спортшыларға демеушілер атынан ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ал қой, қозы көтеру ойындарының жеңімпаздары қой мен қозыны қанжығаларына байлап қайтты.
Алаңдағы киіз үйлерден жұртшылық дәм татып шығып жатты. Жергілікті қоғамдық тамақтандыру қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерліктер бірігіп, халыққа көже мен бауырсақ таратты.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz