27.02.2023, 19:16
Оқылды: 149

Сиыр сауып, 500 мың тапқан

«Қарақұдық елді мекенінде  сиыр сауып, айына 500 мың теңге табыс табатын әйел адам бар екен. Қазір қыста Бұлдыртыда екен» дегенді құлағымыз шалды. Аты-жөні Айбөбек Жауынбаева екенін білу де қиынға соқпады. Телефон нөмірін тауып, хабарласып, газетке шығаруға келісімін алған соң,  «Бұлдырты қайдасың?» деп тартып отырдық.

1677501365560

Сиыр сауудан осынша қаржы тапса, алпысты  алқымдаған әккі бір сауыншы апай шығар деп ойлағанбыз.  Көлікті үйінің алдына тақап, ішке кірсек, жап-жас, әп-әдемі келіншек қарсы алды. «Айбөбек апа керек еді» дедім амандасып,  келіні немесе қызы болар деп шамалап. «Мен – Айбөбек»,–  деп күлімсіреді жас келіншек. Таңданысымды жасырмай: «Жас-жас екенсіз ғой, мен алпыстар шамасындағы апаймен кездесем деп күткен едім»,- дедім. Сөйтсем, кейіпкерім қырықтан асқан қылықты келіншек боп шықты. Өзі қонақжай екен, дастарқан жайып, дайындап қойыпты. Бірден дәмге шақырды. Дастарқан басында емен-жарқын әңгіменің тиегі ағытылды. Айбөбек жақсы  әңгімеші де екен, сөз тартып, суыртпақтатып отырдық.

1677501365586

Сәуір айы туысымен, 18 шақырым жердегі  Қарақұдық елді мекеніне аттанады екен. Содан қазанның аяғына дейін сиыр сауып, оның сүт өнімдерін сатумен шұғылданады.  «Айбөбек» кооперативіне  9 отбасын біріктіріп, 100 бас малды бақты. Әр отбасы өзінің сиырларын сауып, өнімдерін сатты. Оның ішінде 30 бас ірі қара – Айбөбектікі. Оның 15-і – сауын сиыр. Сиырдың бәрін қолмен сауады.  Үш  қызы мен келіні де аналарына жазда қолғабыс етеді.

Он бес сиырдан күніне 60-70 литр сүт алады. Төрт күнде 10 келі май жинап сатты. Майдың келісі 5000 болғанда, он күнде 50 мың теңге табыс тапты.  Май сатып, айына 500 мың теңгеге дейін табыс тапқан күндері болды.  Сүзбесін сатып, одан айына 100 мың теңге пайда түсірді.

Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларынан ақпан айының соңынан бастап майға тапсырыс түсе бастайды. Содан қазан айы біткенше тапсырыстан бос күні болмайды.  Өзіне де қысқыға құрт-майдың қорын толтырып жинап алады.

1677501365629

«Ауылшаруашылық жәрмеңкесіне шығып жүрдіңіз бе?» деген сауалымызға: «Жәрмеңкеге шығатын мұрша болмайды, әрі сүт өнімдері тапсырыс берушілерден артылмайды, үйден алып кетеді» деп жауап берді.

Ұлы Алпамыс Қуанышқали биыл  жастарға арналған жеңілдетілген несие алып, Қарақұдық елді мекенінен баз салып, малмен шұғылдануға ниеттеніп отыр.

Жары Шәриполламен отау құрғандарына 25 жылдың жүзі болды. Тұрмысқа ерте шықты. Ата-ене бақты.  Тұрмыс құрмастан бұрын анасы сиыр сауу жұмысына әбден пісіріп тастаған. Еңбекқорлық, энергия деген - кейіпкеріміздің қанына сіңген қасиет. Жаһанша туған Қарақұдықтың топырағынан жаралған қыздың басқалай болуы мүмкін емес те еді. Өзінің қыздары  да 9-сыныптан бастап сиыр сауып үйренді.  Айбөбек жол жүріп кететін болса, қыздары тас қайнатады. Сиырларды сауып, өнімдерін алып, бәрін ұқсатады. Сүзбесін, ащы құртын жасап, құрт қайнатып қояды.

Үлкен қызы А.Жұмағалиев атындағы орта мектепте  алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Ұлы дене шынықтыру пәні мұғалімі мамандығын бітірді. Келіні - Қызылорда облысы, Қазалы ауданының қызы. Бұлдырты орта мектебінде жұмыста. Екінші қызы Орал қаласында медициналық колледжде білім алуда. Ең кенже қызы 10 сыныпта оқиды.  Екі немересі бар.

Балаларын майдан түскен ақшаға оқытып, білім әперді.  Үйін де майдың ақшасына жөндеді. Күйеуі де, өзі де бюжеттік қызметте жасап көрмеген. Әкімнің алдына барып, жұмыс та, алақан жайып, көмек те сұрамады. Көпбалалы ана екенін міндетсініп, үкімет беруге тиісті деп сұрамсақтанбады.

– Ресми жұмыссыздар есебіне тіркеліп көрмеппін. 2018 жылы жеке кәсіпкерік ашып, «Игілік»  бағдарламасымен 6 пайыздық несие алып, 4-5 сиыр сатып алдым. Нан пісіріп, сатумен де айналыстым. Май сатуды қолға алғаныма жиырма жыл болды.  «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген. Еңбек етуге ерінбеу керек. Бір жылдары малдарымыз сарыпқа шалдығып, біраз шығынға да ұшырадық.  Қазіргі келіншектер сиырды саууды қиынсынып, емізіп жібереді. Өздері  шайға дүкеннің сүтін сатып алады. Үкіметке не береді қарап отырған қыз-келіншектерге: «Мен сияқты сиырларыңды сауып, өнімдерін сатсаңдар, қыруар қаржыға келесіңдер» десем, сенбейді. Немесе, жан қинағылары келмейді, - дейді кейіпкеріміз.

Қыстаққа тұрған сиырлары да бастап туып жатыр екен. Айбөбек ханым қораға сиыр саууға шықты.  Біз де ілестік. Қораның іші тап-таза, мұнтаздай. Бұл жерден Шәриполла ағамыздың да еңбекқор екенін аңғардық. Айбөбек бұзау тартуға да әдбен машықтанып алыпты. Саусақтары да шапшаң қимылдап, сауғанда көз ілеспейді.

Жуырда орысқол екі сүтті сиыр  сатып алыпты. Ол сиырлар Айбөбек ханымның өнімін еселеп, табысын арттырары сөзсіз.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале