Бөрлі ауданы биыл 90 жылдығын тойлағалы отыр. Бұл енді соңғы құжаттарға сүйеніп, ауданның Бөрлі атауын алғалы бергі өткен жолы. Дегенмен аудан тарихының тамыры тым тереңде екені барлығымызға мәлім. Осы тарихты бүгінге таныту жолында жаңа жобалар қолға алынып, жаңа бастамалар жасалуда. Біз де осы үрдістен тыс қалмай, ауданның кейбір жер атауларының шығу тарихына, яғни этимологиясына байланысты бірді-екілі ойымызды қоса кеткенді жөн көрдік.
Сурет: yandex.kz
Бұрын осы далада жабайы жылқылар (торпақ), қаптаған қасқыр мекен еткен. Ауданның аты (Бөрілі) осыдан шықса керек деген де дерек бар. Жайылымның кеңдігі, су көздерінің молдығы, жердің құнарлылығы адамдардың өмір сүруіне қолайлы болды. Олар мал өсіру, дәнді және бақша дақылдарын өсірумен айналысты. Орынбор генерал-губернаторы Г.Волконский қазіргі Қарашығанақ пен оның айналасындағы қазақтардың қалай орналасқаны жөнінде тарихи мәні бар мәліметтер қалдырған. Г.Волконскийдің бұл мәліметтері бойынша, осы жерде қоныстанған рулардың барлығының да жаз жайлауы Жайық пен Ембі өзендерінің аралығы болған. Бұлдырты, Жосалы, Шыңғырлау, Аңқатыдан Қобдаға дейін өзен жағалауларын жайлаған. Жетіруға кіретіндер жазда Қошлы мен Доңғыз, Қобда, Елек өзендерін жайлады. Қыстақтары болса, Жайық өзенінен жоғары қарай Орынборға, Красногор қамалына дейін, Елек өзенін жағалай, оның бас жағы, тіпті, Орал жағалауларына дейін созылып жатты. Шөмекей руының үш бөлімі (2 200 жанұя саны) Елек өзенінің жоғары жағынан Ор өзеніне дейінгі аралықты жаз уақытында жағалап, қыс кезінде Елек өзенінің жоғары жағында Бестамақ мекенінде болды. Бұл тарихи деректер казактарды XVIII ғасыр аяғында Орал, Елек, Шыңғырлау өңірінен қуылмағандығын дәлелдейді. Бұл жердегі қазақтардың шаруашылық қызметі туралы Г. Волконскийдің сол кездегі Ішкі істер министрі граф В.И. Кочубеяға хатында (1804 ж. 17 мамыр) Елек өзені жағасын мекендеген Жетіру, Табын рулары жер өңдеумен айналысатынын хабарлады. Осы территорияны мекендеген Кіші жүз қазақтары отырықшы өмір кешіп, ауылдар салып, егін егумен айналысқан. Өлкедегі ең бай адам кіші жүз ханы Айшуақтың баласы - сұлтан Баймағанбет болды. Оның табын-табын жылқылары Шыңғырлау өзені жағасын жайласа, қыс қыстауы қазіргі Қарашығанақ кенішінің орны болды. Мысалдарға қарап отырып, қазақ тың және тыңайған жерлерді игеру атты саясат басталмай жатып, жаңа заманға бейімделгенін байқаймыз.
Қара Оба болысының жері байтақ — бір жағы Жайық, бір жағы Есен Аңқатысының басына қарай ойысып, жалпақ жатқан Жымпиты даласымен ұштасып кетеді. Украина егіншілерін әміршілер қазақ жерінің қақ ортасына — үлкен өзеннің қорғансыз жатқан арғы бетіне апарып тастады. Сөйтіп қазақ даласы ескі Қара Оба болысының жерінде Федоровка, Богдановка, Покатиловка, Алексеевка, Долинка, Керенка, Павловка деген селендер пайда болып еді. (Ақжайық трилогиясы, Хамза Есенжанов, Үшінші кітап «Шыңдалу»)
Сонау құс жолының әрмен кеткен бас жағында Калмыков бар — Иван Андреевич туып-өскен жері. Бержағы жалпақ жатқан киргиз даласы. Киргиз даласымен көшіп ол жас кезінде Құрманбай селосына келіп орналасқан. Құрманбай киргиз ішіндегі орыс деревнясы. (Ақжайық трилогиясы, Хамза Есенжанов).
Қанша барғымыз келгенмен жолдан бұрыс болған соң бұл мектепке соға алмай, жүріп отырып жол аузындағы «Бөрлі» деген поселкеге келдік.«Бөрлі» поселкесінде Бөрлі елінің болыстық кеңес комитеті бар. Орынбордан Оралға келе жатқанда бұл поселкеге соққамыз. Болыстық комитеттің мекемесіне кіріп Авдеев екеуміз комитет істерінің ретін қарағамыз. Бөрлі болысына 11 қазақ ауылы қарайды, 2 орыс ауылы қарайды. Көпшілік қазақ, ал болыстық комитеттің төрағасы орыс жігіті, коммунист. Орынбасары қазақ, партияда жоқ жігіт, бірақ орысша әм қазақша хат білетін адам. Хатшылары татар. Бөрлінің поселкесінде 40 үйдей татар бар. Кеңседе қазақ тілі жүрмейді екен. Оны жүргіз деген жоғарғы мекемелерден бір бұйрық алмаған екен. (Сәкен Сейфуллиннің естелігінен).
Осы тарихи деректерге көз жүгіртсек. Ауданымыздағы тарихи атаулар ерте кезден-ақ қазақша қойылғанын аңғаруға болады.
Мысалы біраз уақыт бұрын оқушыммен зерттеу жұмысы барысында сауалнама жүргізген едік. «Сіз Бөрлі ауданы атауы қайдан шыққанын білесіз бе?» деген сұраққа қатысқан тұрғындардың пікірі екіге жарылды. Мысалы жалпы қатысушылардың 54% пайызы аудан атауы қасқырға байланысты десе, қалған екінші топ жердің бедеріне байланысты қойылғанын алға тартады.
Екінші «Ақсай атауының қайдан алынғанын білесіз бе? деген сауалға қатысушылардың көпшілігі яғни 60% пайызы білмейтіндерін айтса, қалғандары жердің ақ бор болуынан солай аталды деп жауап берді.
Үшінші сұрақ «Сіз өзіңіздің ауылыңыздың атауының мәнін білесіз бе?» деген сауалға қатысушылардың 70 пайыздан астамы оны білмейтінін айтты.
Жоғарыда келтірілген тарихи деректерге қарап отырып ауданымыздағы бірқатар ауылдардың атауының шығу тегін, мәнін, мағынасын тарқатып, ашып жеткізуге тырысамыз. Дегенмен осы жолы Бөрлі ауданындағы Қарашығанақ, Қаракемер, Қарақұдық секілді өзара түбірлес атаулардың шығу тарихы туралы сөз қозғамақпыз. Бұл атаулардың біздің ауданымыздағы жер атауларына бекерден-бекер қойылмағаны анық.
Қазақ тілі сөздігінде «Қара» сөзі негізінен түстің атауы болғанымен, басқа сөздермен қатарласа келгенде өте терең мағына береді. Байқайтынымыз, «қара» сөзінің сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ түркі халықтарының арасында үлкен мәнге ие болғаны еді. Тіптен қағандықтардың өзі осы атаумен құрылып, көптеген түркілік ұлыс өздерін «қара» атағанын мақтан тұтқанын және Тәңірдің бір атауы ретінде бағалағанын анық көруге болады. Әсіресе орта ғасырларда «қара» сөзінің қасиеті өте күшті болған. Барлық түркі тайпалары осы сөзді өз атауларына қосып атауды үлкен дәреже санаған.
Мысалы «Қарашығанақ» атауы «Қара» және «Шығанақ» деген екі түбірден құралған. Шығанақ сөзі георафияда мұхит, теңіз, көлдің құрлыққа сұғына еніп жатқан және негізгі су айдынымен еркін, тұрақты су алмасатын бөлігі екені мәлім. Алайда теңізден қашық жатырған біздің аймаққа бұл шығанақ атауы қалай келді деген заңды сұрақ туындайды. Біздің пайымымызша бұл жердегі шығанақ сөзі өзегі, қайнары деген сөзбен синонимдес қолданылып тұр. Яғни «Қарашығанақ» қара алтынның қайнар көзі, соның бастауы дегенге саяды. Бұл біздің болжам ғана. Мүмкін басқа да нұсқалары бар шығар.
Ал шекараға жақын орналасқан «Қаракемер» атты жер атауының мәні мүлде ерекше. Бұл жерде «Қара» сөзі тікелей сумен байланысты айтылып тұр. Мысалға тым терең жерді қазақы танымда қаратерең деп атайды.
Ал «Кемер» сөзі иран тілінен аударғанда «Бір жағы биік тік келген су жиналған арна» мағынасын білдереді екен. Осыған қарай отыра жер атауы тікелей суға байланысты қойылғанын аңғаруға болады.
Қазақтың өзінде «Кемеріне келді», «Кемерінен асты» деген сөздер бар. Олар тура мағынасында деңгейінен асып, тасып-төгіліп жатырған сұйықтыққа қатысты айтылса, жанама мағынасында толып жетілді деген сөзге синонимдес қолданылады. Ауыл ақсақалдарының аузынан:
Ауылым Қаракемер аңғарында,
Ер жігіт алшаңдайды мал барында,-деген өлең жоладарының болғанын естігенбіз. Өзен жағасында орналасқан жерге Қаракемер атауының берілуі өзеннің арнасынан шығып тасып, жағасының тереңдігіне байланысты Қаракемер аталуы ықтималдылығын байқаймыз.
Көрнекі фото сайт архивінен
Қара құдық ауылының атауы да тереңнен су шығып, құдықтардың түбі қап-қараңғы болағындықтан осылай аталады деген уәжді ауыл ақсақалдарының аузынан естіген едік. Демек Бөрлі ауданындағы жер-су атауларының да өзіндік тарихы тым терең екенін аңғарамыз.
Алдағы уақытта ауданымыздағы басқа да көне атауларының мәні мен этимологиясына терең үңіліп, осылай талдап көрсетпек ниеттеміз. Сіздің де осы тақыып төңірегінде бөлісер ойының болса мархаббат...
Мейрамбек Сыдықов,
Бөрлі ауданы