19.04.2022, 12:15
Оқылды: 279

Сіз тұратын көше атауы кімнің құрметіне қойылғанын білесіз бе?!

Жәнібек ауданы орталығындағы «Сәрсенов» көшесін білеміз. Алайда ол кісінің кім екенінен аудан тұрғындары бейхабар. Сол көшедегі бір үйдің қақпасында «Сөрсенов көшесі» деп жазылған екен. Енді үйдің иесінен Сәрсеновтің аты-жөні кім екенін сұрағанымызда: «Көршім солай деп жазып қойған екен, мен де жаздырдым» деді. Иә, расымен де аудан жұртшылығы көшелердің кімнің құрметіне қойылғанын білмейді.

IMG_1199

Негізінен, Есім Сәрсенов 1910 жылы дүниеге келген. Орал қалалық мұғалімдер институтын, одан кейін КОКП ОК жанындағы Москва жоғары партия мектебін бітірген. Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарында мұғалім, мектеп директоры, партия қызметкері болған. Кейін Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы орта мектебінде мұғалім, БҚО партия комитетінде нұсқаушы, ҚазКП Жәнібек аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы, ҚазКП Жәнібек аудандық партия комитетінің І хатшысы, БҚО Кеңесі төрағасының орынбасары, Орал облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары, Орал облыстық кәсіптік-техникалық білім басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, бірнеше медальмен марапатталған. 1971 жылы «Жәнібек ауданының Құрметті азаматы» атағы берілген. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің ІV шақырылымының депутаты болған. 1985 жылы дүниеден озды.

Одан бөлек, «Өтемісов» көшесі ауылдың тұрғыны Айболат Өтемісовтың құрметіне берілген деген қауесет әңгімелер де шықты. Өйткені А.Өтемісов сол көшеде орналасқан «Қазақтелеком» АҚ Жәнібек ауданы бойынша филиалының бастығы болған. Ал шын мәнісінде бұл көше ақын, күйші Исатай Тайманұлы бастаған көтерілістің (1836-1938 ж.ж.) көсемі әрі жалынды жыршысы Махамбет Өтемісұлының атына берілген. М.Өтемісұлы 1803 жылы Ішкі Бөкей ордасы Бекетай құмында дүниеге келген. Бала кезінен мұсылманша, орысша оқыған. Әкесі Өтеміс елге ықпалды би болған. М.Өтемісұлы 1846 жылы қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданы Қараой ауылында жерленді.

IMG_1210

Кей тұрғындар еркекті әйел, әйелді еркек етіп жазып қойғанды да көріп жүрміз. Неліктен? Өйткені орыс тілінде қалай естиді, солай жаза салады. Орыс тілінде септік (падеж) жалғаулары бар. Мысалы, «Улица имени кого?» деген сұрақты қойған кезде, «улица имени А.Байтурсынова» деп айтылады. Себебі кого? чего? деген сұрақтарға жауап беретін родительский падежбен жазылған. Есімнің соңына автоматты түрде «а» әрпі жалғанады. Ал қазақ тілінде септік жалғауы жалғанбайды. «Кімнің атындағы көше?» дегенде, «А.Байтұрсынов атындағы көше» деп дұрыс жазылуы тиіс.

Бұл мәселе осы уақытқа дейін айтылып та, жазылып та келді. Дегенмен қайта көтеріп, нақты бір шешімге тоқталуымыз керек. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиевпен тілдесіп, пікірін тыңдадық.

-Бүгінгі таңда елімізде мемлекеттік тілді дамытуға үкімет тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп отыр. Бұл – Қазақстан халқын біріктіруші негізгі фактор болып табылатын мемлекеттік тілдің мәртебесінің артуына, қолданыс аясының кеңеюіне зор мүмкіндіктер туғызуда. Ал енді, ауданымызға келер болсақ, барлық мемлекеттік мекемелерде іс-жүргізу жұмыстары қазақ тілінде жүргізілсе, өтетін барлық саяси, мәдени-көпшілік шаралар қазақ тілінде өтеді. Біздің бөлім тарапынан әдістемелік көмек көрсету мақсатында мониторингтік топ құрылып, мемлекеттік мекемелер мен әлеуметтік нысандарға рейдтер жүргізілді. Дейтұрғанмен, әлі де болса кемшіліктер кездесуде. Жеке кәсіпорындарды мысалға алуға болады. Кейбір дүкендер мен халыққа қызмет көрсету орындарында деректемелер мен көрнекі ақпараттар орыс тілінде жазылған. Ал «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР-ның 1997 жылғы 11 шілдедегі №151 Заңының 21 бабында «Деректемелер мен көрнекі ақпараттың барлық мәтіні мынадай ретпен: мелекеттік тілде – сол жағына немесе жоғарғы жағына, орыс тілінде оң жағына немесе төменгі жағына орналасады, бірдей өлшемдегі әріптермен жазылады. Қажеттігіне қарай деректемелер мен көрнекі ақпараттың мәтіндері қосымша басқа да тілдерге аударылуы мүмкін. Бұл жағдайда каріп өлшемі нормативтік құқықтық актілерде белгіленген талаптардан аспауға тиіс. Ауызша ақпарат, хабарландыру, жарнама мелекеттік тілде, орыс және қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде беріледі» - делінген. Яғни жоғарыда аталған кемшіліктер осы Заңға қарама қайшылық тудырып отыр. Өкінішке орай осындай заң бұзушылықтар мемлекеттік мекемелерде де кездеседі.

IMG_1214

Көше атауларына келер болсақ, ол да осы заң аясында реттелу керек. Бұл жердегі мәселе, ауыл тұрғындарының әрқайсысы өз бетінше көше атауларын фотосалондардан шығарып, үйлерінің сыртына іліп қоюы. Фотосалон иелерінің де «Тіл туралы» Заңынан бейхабар екені айдан анық. Соның салдарынан қазіргі уақытта Өтемісов көшесі Өтемисова, Әбдірахманов көшесі Абдрахманова болып жүр. Айта берсек, мысал көп.

Осындай олқылықтарды жою үшін кеңінен ақпараттандыру жұмыстары жүргізілу қажет. Осы орайда республикалық, облыстық, аудандық маңызы бар қалалардағы, астанадағы, кент, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарын жазу және орналастыру жөніндегі ұсынымдарын көпшілікке жеткізгім келеді. Біріншіден, аншлагтардағы көше аты тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері ешқандай қысқартусыз толық жазылады. Жазылу нұсқасы: Бауыржан Момышұлы, Сәкен Сейфуллин көшесі, даңғылы т.б. Бойындағы дара қабілеті, ерекше қасиеттеріне сәйкес есімдері елге кеңінен мәлім болған тұлғалардың аттары дәстүрлі нормаға сәйкес жазылады. Жазылу нұсқасы: Ақан сері көшесі, Біржан сал көшесі, Күйші Дина көшесі, Құрманғазы көшесі, Абай даңғылы, Балуан Шолақ көшесі және т.б. Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері аншлагқа өзге тілдерге аударылмай, мемлекеттік тілдегі нұсқасы жазылады. Жазылу нұсқасы: Абай көшесі, Ахмет Байтұрсынұлы көшесі, Тәуелсіздік даңғылы және т.б. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы  көше атауы мемлекеттік тілде, ал көшесі деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «көшесі, улица, street» жазылады. Ал аудан, ауыл және басқа да елді мекендердегі көше аншлагтарында тек «көшесі» сөзі жазылады. Облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалалардың аншлагтарындағы даңғылдар атауы мемлекеттік тілде, ал даңғылы деген сөз қажет болған жағдайда үш тілде: «даңғылы, проспект, avenu» болып жазылады. Аншлагтар ұзындығы 120 см, ені 25 см, қалыңдығы 0,8 см болатын пластик тақтайшадан жасалынады. Аншлаг шартты түрде үш бөліктен тұрады. Бірінші бөлікте көше аты тиесілі тұлғаның аты-жөні немесе тарихи, дәстүрлі атаулары солдан оңға қарай жазылады, екінші бөлікте шеңбер ішіне ғимараттың реттік нөмірі, қажет болған жағдайда таяқша арқылы көрсетіледі, ал үшінші бөлікте көшесі (даңғылы) деген сөз жазылады. Бірінші және үшінші бөліктің асты мен үсті ұлттық нақыштағы өрнектермен жиектеледі. Көше атауы тиесілі тарихи, дәстүрлі атаулар мен тұлғалардың есімдері бас әріптермен жазылады. Жазылу нұсқасы: ШОҚАН УӘЛИХАНОВ КӨШЕСІ, МІРЖАҚЫП ДУЛАТҰЛЫ КӨШЕСІ, АБАЙ ДАҢҒЫЛЫ және т.б. Сондай-ақ, үшінші бөліктегі жазулар да бас әріптермен жазылады. Жазылу нұсқасы: КӨШЕСІ, УЛИЦА, STREET, ДАҢҒЫЛЫ, ПРОСПЕКТ, AVENU және т.б. Аншлаг жазуларындағы үлкен әріптер – 9 см, кіші әріптер – 3 см, Arial шрифтімен жазылады. Негізгі фоны көк түсті жарық шағылыстыратын жабыннан жасалған, әріптер және өрнектер ақ түсті болу керек, - деді бөлім басшысы.

Гүлзара Тілекқабылқызы,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

(Жалғасы бар)

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале