2.02.2023, 17:15
Оқылды: 13

Скрипканың сырын танытқан адам

Қазіргі кезеңдегі экономикалық-әлеуметтік саяси өзгерістермен байланысты, еліміздің болашағына белсенді атсалысатын, өз халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен, дәстүрімен, өнерімен терең танысқан зерделі ұрпақты тәрбиелеу қажеттілігі өзекті мәселеге айналды. Әлемде мыңдаған музыка аспаптары болса, соның ішінде өте нәзік саз ойнайтын, сиқырлы күйлерімен адамзатты таңқалдыратын скрипканың орны ерекше. Біздің қазақ халқы өзінің дәстүрлі музыкасын осы керемет аспапқа да сала білді. Қазіргі скрипка – классикалық шығармалармен қатар, біздің ұлттық саз өнеріміздің ғажайып дыбыстарын әлемге жеткізетін керемет аспап ретінде қолданылуда.

19

Тасқала ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тумасы Үміт Сағынғалиқызы Шүкірова саз мектебінде скрипка аспабынан тәлім беретін ұстаз. 1989 жылы ауданымызға келіп музыка мектебінде еңбек жолын бастады. Осы уақытқа дейін осы саланың еңбек адамы атанды десем қателескенім емес. Жалпы кейіпкерімізбен музыка саласының әлемі жайлы сұхбаттасқан едік.

«Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы саз колледжін Скрипка, альт классының оқытушысы, оркестр әртісі мамандығы бойынша оқуды тәмамдап келгеннен соң, ауданға келіп жұмысқа орналастым. Биыл осы салада қызмет атқарып жүргеніме 34 жыл болады. Ата-анамыз 7 бала тәрбиелеп өсірген, қарапайым жанұяда,білім мен еңбекті мақсат еткен. Негізгі мектепті бітіргеннен кейін училищеге оқуға түстім. Ол кезде осы оқу орнынан мамандар дарынды, қабілеті бар балаларды оқуға шақырды. Өзіміздің ауданнан жолдама бойынша оқуға жіберді. Училищеде 2 жыл музыка мектебінің бағдарламасын оқып, 4жыл мамандық бойынша білім алдық. Совет үкіметі кезінде тегін білім алып, жатақханада тұрып, ай сайын стипендия алып жүрдік. Сол студенттік кезіміз осы күнге дейін көз алдымда. Кейін ауылыма келіп жұмыс бастадым. Өзім бала кезімнен музыка,өнерді сүйген, арманым орындалды десем қателеспеймін.

Қазіргі уақытта жас мамандарға керемет жағдай жасалған. Ал біз жұмысқа орналасқанда, жалдамалы пәтерде тұрып, көмек ретінде үкімет көмір беретін еді. Әкем ауылдан тезек алып келетін, су тасып, отын жағып жүрген, осындай қызықты кездер болды.

2000 жылдары жоғарғы білім алмаған мұғалімдер барлығымыз оқуға кеттік. Сырттай М.Өтемісов атындағы БҚМУ музыкалық білім бөліміне түсіп, 2005 жылы өз мамандығымның дипломын алдым. Қазіргі таңда жоғарғы санатты педагог-экспертпін. 2011 жылы жаңа мектеп ғимараты салынып, керемет жағдайымыз жасалды. Балалардың саны да көбейді. Жыл сайын бірнеше балалар аспаптарда үйренуге оқуға келеді. Ауылдық жерлерде филиалдар ашылды , онда ауылдың өнерге құштар оқушылары өздері қызығушылық танытатын аспаптарда үйренеді. Жалпы, музыка - жасөспірімге дүниені жан-жақты танып-білуге көмектеседі, баланың ойына азық беріп, кеңінен және әдеттен тыс ойлауға үйретеді, халықтың рухани мәдениетіне жақындастыра отырып, патриотизм сезімін тәрбиелеп, адамгершілік және азаматтық белсенділігін оятады деп ойламын. Соның нәтижесінде қоғам үшін қажетті жеке адамның үйлесімді дамуына жәрдемдеседі. Осы аспапты оқыған студентерімде жетерлік. Ең алғашқы шәкіртім Дина Халиуллина қазіргі таңда Орал қаласында Дина Нүрпейсова атындағы мектебінде жұмыс атқарып жүр. Гүлшат Азбергенева Ақтөбе қаласында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде Ішекті аспаптар бөлімінің бөлім меңгерушісі. Салтанат Набиуллина ауданымыздың балабақшасында жұмыс жолын бастады. Ақжол Сериков Астана қаласында Музыка академиясында оқып жатса, Назерке Джулкатова Құрманғазы атындағы саз колледжінде оқуын жалғастыруда. Қамидолла Раяна биылғы жыл түлегім, "Балалар жылы" болып жарияланған 2022 жылы "Сен үздіксін" номинациясына ие болды. Оқушыларым бірнеше Халықаралық, республикалық, облыстық конкурстарға қатысып жүлделі орын алып қуантып, еңбегімді ақтап жүр. Мұғалім әр баланы өз баласындай көріп, жан жылуын беріп тәрбиелесе, сонда ғана оқушылардан нәтиже күтуге болады",- дейді кейіпкеріміз.

27

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале