Аудан орталығының Солтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан Солдат көлі Казталов ауылы тұрғындары үшін үлкен маңызға ие. Сарыөзенді жағалай созылған бұл көлден ауыл тұрғындары су мол шыққан жылдары мал азығын жинауға жер телімдерін алады.

Жылдан жылға құрғақшылық болып, жоғары жақтан Сарыөзенге келетін судың аз болуына орай көлге де су шықпай жатыр. Биыл да ресейлік ағайын суды жай жіберуде. Дегенмен, ел басқарып жүрген азаматтар Солдат көліне су шығару үшін еңбектеніп-ақ жатыр. Биыл аудандық бюджет есебінен арнайы қаржы бөліп, Солдат көліне су айдау жұмыстары жүріп жатыр. Бұл малмен күн көріп отырған халыққа жағымды жаңалық болып тұр.
Бірақ, қуанышты жаңалығымыз Солдат көлінің басына барған кезде су сепкендей басылды. Неге демесіңіз бар ма?! Көлдің іші толған мал. Мал дегенде үйір-үйір жылқы жайылып жүр. «Ал бұл мал қайдан келді? Қорықшы қайда қарап жүр?» деп сұрауыңыз заңды. Әзірге көлде қорықшы жоқ. Қорықшы болуға кез-келген адамның жүрегі дауламасы анық. Қорықшы көлде жүрген малды айдаса, мал иелері: «Жылқым іш тастады, неге жайылып жүрген малға тиісесің» деп қоқан-лоқы көрсетеді екен. Ауыл әкімдігінің мамандары қорықшылыққа адам іздеп жатқандарын жеткізді.
Расында, көлге мал аспаннан да, айдаладан да келген жоқ. Өзіміздің ауыл тұрғындарының бағымға қосылмайтын жылқылары. Бұл сөзімді ешкім жоққа шығармас?! Қорықшы болған жағдайда да ауылдың жылқылары бой бермейді. Бұл жағдайды бұрыннан көріп жүрміз. Ал сонда көздің қарашығындай сақтап отырған көлдің шөбін өзіміздің малымыз отап жатса, кінәні кімнен іздемекпіз? Көлде жүрген жылқы иелері жағдайды дұрыс түсініп, малдарын не баққаны, не басқа жаққа қарай айдағаны дұрыс болап. Ағайындар, ойланайық!
«Балапанды күзде санайды» демекші, ертең жазда шөп шықса, Солдат көлінің басында дау болады. Сол малын жинамаған ағайындар, шөп шабуға берілетін жерге таласатыны тағы бар. Сонда бәрі кім үшін жасалып жатқан дүние, кімге қастық қыламыз?!
Біздер газетімізде талай мәрте бағымсыз мал туралы мәселе көтерген болатынбыз. Сонымен бірге аудан басшылығы тарапынан ауыл ішіндегі малды сыртқа шығарып, мал бағымын ұйымдастыру да айтылып жүр. Оған құлақ асып жатқан ауыл тұрғыны аз. Аллаға шүкір, ауылымыз жылдан-жылға көркейіп келеді. Мұнымен қатар орталық көшелерде босып жүрген малдың да көріністері ұшырап қалады. Асфальт пен жаяу жүргінші жолын айтпай-ақ қояйық. Малдың тезегінен аяқ алып жүре алмайсыз. Тіптен басқа жерден қонақ келсе ұят.

P.S Бұдан шығар қорытынды — мал ұстау керек-ақ. Қазақ болғасын ет жемей, сүт ішпей тұра алмасымыз анық. Қолдағы малды бағымға қосып, артығын далада арнайы бағатын орынға шығарған дұрыс болар?! Ойланатын емес қимылдайтын кез келді.
Қайрат Жақып
Казталов ауданы