Шыңғырлау ауданындағы барлық білім ошағында соңғы қоңырау салтанаты өтті.
Шыңғырлау орта жалпы білім беретін мектебінде өткен шарада ең алдымен мектеп бітірушілер ортаға шақырылып, әрқайсысының мектеп қабырғасындағы жеткен жетістіктері, ерекше үлгерімдері мен таланттары қоса айтылды.
11-сынып оқушылары сап түзеп болысымен, еліміздің гимні орындалып, көк байрақ көтерілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Өмірәлиев құттықтау сөз сөйлеп, мектеп түлектеріне сәт сапар тілеп, «Ең үздік оқырман» акциясының жеңімпазын марапаттады.
Мінберге шығып сөз алған мектеп директоры Светлана Тайпақова баршаны соңғы қоңырау мерекесімен және 1 маусым балаларды қорғау күнімен құттықтады.
Мектеп қабырғасынан үлкен өмірге жолдама алғалы тұрған 28 түлекке сәт сапар тіледі. Әуеде «Мектеп вальсі» қалықтап, мектеппен қоштасқан түлектер соңғы рет бірге вальс билеп, көкке шар ұшырып, мектеп директоры мен ұстаздарына, ата-аналарына алғыс білдірді.
А.Муса,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz