28.01.2025, 11:45
Оқылды: 77

Соңғы оқырманы қалғанша, газет шыға береді

«Жайық таңы» газетінің атынан әлеуметтік желіде ашылған парақшаға тіркелген оқырман болсаңыз, сол платформада әр аптаның дүйсенбісінде мекеме-кәсіпорын басшылары, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің брифингі тікелей эфирде көпшілікке таралатынын білетін шығарсыз. Осы аптада басылымның редакторы Әлия Шарапиева газеттің жұмысына қатысты бірқатар сұрақтарға жауап берді.

3

Брифингті жүргізген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың кеңесші-маманы Айбар Сәләмат алдымен 94 жылдық тарихы бар төл басылымымыздың мақсат-міндеттері жөнінде айтып беруін сұрады.

– Бағалай білсек, газет – ұлттық идеологиямыздың басты құралы, ақпарат дәуіріндегі негізгі күш. ХХІ ғасыр – ақпарат дәуірі. Аудан журналистері бірыңғай үгіт-насихаттық хабар берудің ізімен кетпей, түрлі тақырыпқа мүмкіндігінше дендеп, тереңірек қарау қажеттігін жақсы түсінеді. Біздің қызметіміздің міндеті, сайып келгенде, еліміз дамуының кезеңдік және стратегиялық бағдарламаларын идеологиялық-ақпараттық қамтуға өз үлестерімізді қосу. Тілі, діні, ділі әрқилы отандастарымыздың өзара бауырмалдығын, пейілін, мәдениетін, тарихын құрметтеуді ортақ игілікке айналдыру, елдегі саяси тұрақтылықты, тыныштықты баянды ету жөнінде ұстанымды қолдау, халық пен биліктің арасында алтын көпір болу, міне, мақсатымыз осы, – деді Әлия Серікқызы.

Брифингте сонымен қатар ол ауыл-елге маңызды ақпараттарды жариялау, газетке жазылудағы олқылықтар, әлеуметтік желімен дәстүрлі БАҚ-тың бәсекелестігі туралы да баяндап берді.

Айталық, газетте «Тәрбие», «Білім» беттерінде ұрпағымыздың бүгіні мен ертеңіне қатысты, оның тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелер қозғалса, «Ой отауы», «Иман», «Дәстүр» беттерінде ұлттық құндылықтар, дініміз бен салт-дәстүріміз жөнінде материалдар жарық көруде. Негізінде, газет заманына қарай өзгеріп тұратын жанды дүние. Мысалы, коронавирус пандемиясы кезінде халыққа індеттен қорғану, енгізіліп жатырған шектеулерден ақпарат көптеп таратылса, былтыр референдум өткенде, заңды құқығымызды пайдаланып, дауыс берудің маңызды екенін жеткізді халыққа аудан айнасы.

Редакцияның назарынан тыс қалмайтын дүние – қызметте адал, өмірі өнегелі жерлестерімізді, шаруа адамдарын еңбек жолын өзгеге үлгі ету. Осы мақсатта басылым бетінде «Қызмет», «Тұлға», «Азамат», «Өнеге», «Мал-жан аман ба?» беттері жарық көруде. Бұл бағыттың  Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған осы жылдың тақырыбымен ұштасып жатқаны анық.

Ауыл-елдің де өзекті мәселелері  де газет назарында екені оқырманға мәлім. Айталық, осы аудан орталығының тұрғындарын мазалаған ауыз су, қыста жиі сөнетін газ, Жайық жағалауының опырылуы, Бұқар беттегі каналдардың жай-күйі, елді мекендердегі мектептердің апатты жағдайы, өзге де мәселелер жөнінде мақалалар жарық көрді.

– Біздің мақсатымыз – осындай мәселе арқалаған мақаланы тек жазып қана қоймай, ол шешімі шыққанша, бақылаудан түсірмеу. Газет бетінде жарық көрген бұл мәселелер біртіндеп шешіліп келе жатқанын аудан тынысынан-ақ көруге болады. Чапаевта ауыз су құбыры жөнделуде, Жайықтың жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр, арғы бетте Тайпақ Азнабай каналы қалпына келтірілуде – мұндай мысалды көптеп келтіруге болады, – деді газет редакторы.

Ол ақпараттық технологиялардың дәурені жүріп тұрған кезеңде газеттің әлеужеліден артықшылығы жөнінде де өз пайымын ортаға салды.

– Ғаламтордың ақпаратты жедел таратуда, әрине, қарқыны жоғары. Бірақ та газеттің де артықшылықтары айтарлықтай. Біріншіден – газетте тек сенімді, тексерілген, сарапталған, сауатты материалдар жарық көреді. Ал әлеужеліде ше? Мұндағы сан миллиондаған деректің қайсысы шынайы, қайсысы жалған екенін анықтау мүлдем мүмкін емес. Екіншіден –қоғамда орын алған оқиғаларға қатысты газет бетіндегі сараптамалық, яғни тараптардың әрқайсысынан алынып, толық қорытылып барып қана оқырманға ұсынылатын материалдар баспасөзге деген сұранысты жоғалтпайды. «Газет пен журналдар жойылады» деген топшылау болғаны осыған дейін де болған. Алғаш теледидар пайда бола бастаған кезде айтылды бұл болжам. Бірақ тарихты тасқа басып, бүгінгі жетістіктерді қаттап, қоғам кемшіліктерін саралай білген газет сол қалпы сақталып келеді, – деді редактор газеттің рөлі цифрлық дәуірде де төмендемейтініне нық сеніммен.

Расы, ақпараттық желілердің екпінімен тиражы кеміп, жағдайы мүшкілденген шығар, бірақ мұның бәрі уақытша дүние. Ең соңғы оқырманы қалғанша, газеттің шыға беретінін заманның өзі дәлелдеп келеді – брифингтен жұртшылықтың түйген ойы осы.

Әсем Есбек,

Ақжайық ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале