Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған бір күн түстен кейін аудандық мәдениет үйінде сабақтасты. Фойеде қонақтар назарына кітап көрмесі мен Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің «Қадырдан қалған қазына» атты көрмесі ұсынылды.

Көрмеге Қадырдың өзі тұтынған қалта телефоны, қарындашы, қол сағаттары, фотосуреттері, музыкалық аспаптары, сыйға алған кітаптары, куәліктері, құжаттары қойылды.
«Сөз сарайынан маржан терген ақын» атты әдеби-сазды кеш мәдениет үйінің көрермендер залында өтті.
Аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов сөзін ақынның туған жерге арнаған өлеңімен бастады:
– Туған жер-ай, күнім де, дінім де сен,
Тағдыр сендей сүйесе, сүрінбес ем,
Керегі жоқ басқа атақ, басқа абырой,
Жетіп жатыр тек өзің «ұлым» десең,- деп жырлаған Қадыр атамыздың туған жерінде, Жымпиты елінде 90 жылдығын алғаш болып атап өтудеміз. Бүгінгі іс-шараға Орал қаласынан келген Қадыр ақынның қарындасы Күлаш Ғинаятқызы қатысып отыр. Барша қонақтарға қош келдіңіздер деймін. Шайыр ескерткішіне тағзым етіп, Қадыр оқулары байқауын ұйымдастырдық. Қадырға арналып жыл бойына жақсы шаралар өтеді. Солардың бәрін жоғары деңгейде өткізуге ел болып атсалысайық,- деді Жұмагелді Жолдыбайұлы.

Ауданбасы Қадырдың қарындасы Күлаш Ғинаятқызына қамзол мен жаулық жауып, құрмет көрсетті.
– Бүгін, міне, туған жерге табанымыз тиіп, қобалжып тұрмыз. Жаңа жылымыз құтты болып, әр отбасына жақсылық әкелсін. Бүгін туған елі, жері ағамды еске алу шарасын ұйымдастырып жатыр. Ризамын. Ағаның рухы да риза екеніне кәміл сенемін. Баршаңызға рахмет!-деді Күлаш Мырзалиева.
Жұмагелді Батырниязов пен Күлаш Мырзалиева ХІІІ аудандық Қадыр оқуларында оза шауып, облыстық байқауға жолдама алған жүйріктерді марапаттады.
«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Сырым ауданының Құрметті азаматы Құсайын Бақтияров, «Қадыр қоры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор, Сырым ауданының Құрметті азаматы Донеділ Қажымов сөз сөйледі. Донеділ Қажымов Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов пен Сырым колледжінің педогогі Назгүл Берсебаеваның өңіріне «Қадыр Мырза Әлі атындағы төсбелгіні» тақты.
Сахнада Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Әшірхан Телғозиевтің «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» әніне орай қазақтың салт-дәстүрлері көрініс тапты. Ақынның өлеңдері оқылып, сөзіне жазылған әндер әуеледі.
Айтыскер ақын, «Сырым елі» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Бауыржан Ширмединұлы Қадырға арнау айтты.
Рухты еселеп, жауһар жырдан шашу шашылған, Қадыр Мырза Әлінің 90 жылдығына арналған алғашқы шара «Атамекен» әнімен аяқталды.
«Ең үлкен махаббат – халық махаббаты» деп шайырдың өзі айтқандай, туған жері ақынға махаббатын осылай білдірді.
Шынар Молданиязова,
Сырым ауданы