13.07.2021, 11:42
Оқылды: 38

Спорт мектебінің алғашқы директоры

Спортты жанына серік етіп, саналы ғұмырын спорт саласына арнаған сала ардагері Серік Бралиев ағамыздың есімі қаратөбеліктерге кеңінен танымал.

F3289FFB-555E-40A4-8B60-181C56D64167

Серік аға 1951 жылдың 22 шілдесінде Қаратөбе ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортшы болуды қалаған Серік аға мектепті бітірісімен өзі білім алған Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебіне дене тәрбиесінің мұғалімі қызметіне орналасады.  Сөйтіп, алғашқы еңбек жолын Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінен бастайды. Бір жылдан кейін әскер қатарына алынып, Отан алдындағы борышын өтейді. 1971 жылы туған жеріне оралған Серік ағаны  Қалдығайты орта мектебінің әкімшілігі дене тәрбиесі пәні мұғалімі қызметіне шақырады. Бұл мектепте тағы бір жыл қызмет жасап, келесі жылы Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогика институтына оқуға түседі. Аталмыш жоғары оқу орнын дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп, ауылына келіп жұмысқа орналасады. Осы оқуын бітіріп ауылға келген кезде Серік ағаның құрдастарының бірі ойнап айтса да «Ой, жүгіру мен доп қууға  оқудың керегі қанша» деп күліпті. Бірақ спорт жанашыры, кәсіби  мамандығына берілген, пейілі кең Серік ағамыз өзінің құрдасының қызғанышпен айтқан бұндай алып-қашты сөзіне жете мән бере қоймапты.

Серік ағаның аудан спортының дамуына, ел ертеңі жас ұрпақты Отанын қорғауға, елжандылыққа баулуға қосқан еңбегі зор.

1979 жылы ауданда Спорт мектебі ашылып, оның директоры лауазымына Серік Бралиев тағайындалды. Ол кездегі жастардың спорттың қай түріне болмасын қызығушылығымен бірге құштарлығы да жоғары болды. Күрес, волейбол, үстел теннисі тағы да басқа спорт үйірмелері болды. Сол кездерде үйірмелерге қатысушы оқушылар көп болды. Өйткені ол кездің балалары қазіргідей компьютерге, ұялы телефонға телміріп отырмайтын. «Спорт-денсаулық кепілі», демекші уақытымен үйірмелерге қатысып, қалған бос уақыттарында Қалдығайты өзеніне шомылады, күн ұзағына уақытты далада ойнаумен өткізетін. Содан болар олардың денсаулықтары да жақсы болатын.   

  Аудан басшылығының қолдауымен ескі интернат ғимараты спорт мектебіне беріліп, жұмысқа кірісе бастадық. Мамандар жұмысқа тартылды. Мектеп директорының орынбасары Бақыт Ақашевтің, Талап Ниязовтың, Тұржігіт Құрманғалиевтің, Қоңырша Қожаниязованың, Жамбыл Нығметовтардың – жаттықтырушы болып ең алғаш қызметке алынғаны есімде қалыпты. Спорт мектебінен ауданның намысын қорғаған көптеген жас спортшылар шықты. Олардың қатарында Бөкес Жетпісқалиев, Айбат Омаров, Дулат Қоламанов, Ринат Мырзагереев және тағы да басқа көптеген спортшылар болды. 2019 жылы спорт мектебінің құрылғанына 40 жыл толды. Осы бір мерейлі жыл аудан көлемінде аталып өтіледі деген ойда болған едім. Бірақ мен ойлағандай болмады. А.Әділов ауданға басшылық еткен кездері өңірге белгілі журналист Хасанов Қайыржан аға екеуміз атақты палуан, Қазақ күреснен абсолютті чемпион Еңсеп Досқалиевті еске алуға арналған алғашқы турнирдің өтуіне себепші болдық. Содан бері аталмыш турнир ауданда әр деңгейде өтіп келеді. Еңсеп ағамыздың спорттағы еңбегі зор. Абсолют чемпион болу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Аудан орталығындағы  дене шынықтыру және сауықтыру кешеніне әйгілі палуан  Еңсеп Доскалиевтің есімі берілгені дұрыс деп ойлаймын. Асхат Шахаров ауданға басшылық еткен кезде бұл мәселе жөнінде «Еңсептанушылардың» тарапынан біраз әңгіме қозғалған еді. Бұны орынды қозғалған мәселе деп білемін. Туған жерден шыққан белгілі тұлғалардың еңбектерін дәріптеп, оларды келешек ұрпаққа таныстыру баршамыздың борышымыз, - дейді салаға еңбегі сіңген белгілі спортшы Серік Бралиев.     

Кәсіби мамандығын жетік меңгерген, екі сөйлемейтін, айналасына сыйлы Серік аға жаңадан ашылған спорт мектебінің жұмысын жандандырып, мектептің материалдық-техникалық базасын арттыру жұмыстарына зор еңбек сіңірді.

Спорт мектебінің жұмысын жолға қойған Серік ағаның қызметіне разы болған сол жылдардағы аудан басшылығы екі жылдан кейін оны аудандық спорт комитетінің төрағасы қызметіне тағайындады. С.Бралиев спортпен қатар ауданның білім беру саласында да елеулі жұмыс істеді.

1994-1996 жылдары аудандық білім беру бөлімінің  спорт жөніндегі әдіскері, 1996-2002 жылдары қайтадан Қаратөбе аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры болды. Еіңбегінің жемісіне бөленген Серік аға Мұхит атындағы Қаратөбе орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген кездерінде «Үздік алғашқы әскери дайындық бөлмесі» байқауында  жеңіске жетіп, І орынға ие болды. Аталмыш қызметті зейнеткерлік дамалысқа шыққанға дейін  абыройлы атқарған ағаның бұдан да басқа бірнеше марапаттары бар. Әр кезеңдерде облыс әкімі қызметін атқарған Бақтықожа Ізмұханбетов пен Нұрлан Ноғаевтың, аудан әкімдері А.Өтеғұловтың, А.Шахаровтың, Ж.Асантаевтың және аудандық білім беру бөлімі басшылары Ж.Сұлтанның, Б.Ғарапшиевтің алғысхаттарымен марапатталды. Білім беру саласындағы озық қызметі үшін облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасын» да иеленді,

Еңбегі елге елеулі спорт ардагері Серік аға 2011 жылы елімізде өткен Азияданы көруге облыстан барған 30 адамның бірі болды.

Ұзақ жылдар спорт және білім беру салаларында елеулі еңбек еткен ағамыздың ұлдары әке жолын қуып, түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысып, жүлдегер атанған жігіттер. Ағаның зайыбы Қазира Ермекқызы саналы ғұмырын медицина саласына арнаған жан.

Отбасында балалары мен немерелерінің тірегі, ақылшысы Серік аға мен Қазира апа бүгінде ұрпағының қызығына бөленіп отыр. Отағасы Серік аға жақында 70 жасқа шығады. Қадірлі ағаның мерейлі жасы құтты, отбасы аман болсын демекпіз.

                             Ерболат Райсов,

                            Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Марғұлан Нұғманов,

Орал қаласы:

«Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары дүниеге келген біздердің балалық шағымыз мектепте білім алумен қатар, доп қуалаумен өтті. Өйткені, ол кезде алдымызда жқрген көптеген ағаларымыз спорттық ойындарға жақын жүрді. Біз соларға еліктедік. Сондай азаматтардың бірі -  Серік ағаны мен 5-6 жас кезімнен білемін. Бүгінде жетінші белеске шығып жатқан ағамыз саналы ғұмырын туған жерінде өткізіп, бүкіл еңбек жолын спортқа, жас жеткіншектерді дене шынықтыруға баулуға арнаған адам. «Інінің ағаға беретіні бір-ақ нәрсе, ол сәлемі» деп, Қадыр Мырзалы айтпақшы, өзін сыйлап, сәлем беріп жүретін үзеңгілес келе жатқан інілеріне  әрқашанда тілекші болу, ізет көрсету арқылы қазаққа тән ірілік көрсетіп, абырой-беделін асқақтатып жүрген жан.

Жалпы, алдыңғы толқында келе жатқан ағаларымызды екі топқа бөлуге болады. Біріншісі – бүгінгі замананның болмысын,  оның жақсысы мен жаманын айыра алатын дәрежеге жетіп, осы заманның көзі ашық адамына айналып үлгергендер.Бұндай жандармен кездескен немесе хабарласқан сайын мағыналы әңгімені естіп, жаның тазарып, марқайып қаласың. Екіншісі – баяғы кеңестік санадан, қала берді рулық, жеке мүдделік санадан арыла алмай, ой-пікірлері үнемі сол төңіректен шығатындар. Бұл топтағы ағаларымызды көрген, кездескен сайын, олардың мәні жоқ әңгімелерінен мезі болып, құтылғанша асығасың. Серік ағаны, әрине, бірінші топқа жатқызасың»

  

  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале