Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне сұхбат берді.
Мемлекет басшысы сұхбатында: «Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан былтырдан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында төлем беріле бастады. Зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы және азаматтық сала қызметкерлерінің жалақысы көбейді. Еліміздің түкпір-түкпірінде жүздеген жаңа мектеп, балабақша және дене шынықтыру-сауықтыру орталықтары салынды. Шетелдің оннан астам беделді жоғары оқу орнының бөлімшесі ашылды. Ғылымды қаржыландыру көлемі арта түсті, мәдениет саласының қызметкерлеріне елеулі қолдау көрсетіліп жатыр. Бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілді. Мұның бәрін азаматтардың жасампаздық әлеуетін арттыру үшін пайдалы инвестиция деуге болады» деді.
Расында былтырғы жыл Казталов ауданы үшін жемісті жыл болды. Ауданымызда білім, мәдениет нысандары салынып, пайдалануға берілді. Әсіресе, аудан орталығында құрылысы тоқтап қалған 320 орындық дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді. Бұл нысанның іске қосылуы ауданымызда бұқаралық спортты насихаттап, ауыл тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғыллануына зор мүмкіндік жасалғаны. Қазіргі күнде аудан бойынша жаңа спорт кешендерін салуға жобалар жасалуда. Мемлекетіміздің спортқа көңіл бөлуі — ұлтымыздың болашағына алаңдауы деп білемін!
Марат Тоясов,
ардагер спортшы
Казталов вуданы