13.08.2025, 15:30
Оқылды: 258

Спортты серік еткен Самғат

 

Шыңғырлау ауданында бұқаралық спорттың дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген жастардың бірі – Самғат Жантөринов есімді жігерлі азамат. Ол Алмаз ауылдық округінде спорт әдіскері болып қызмет атқарады. Өз ісіне адал, жауапты маман ретінде ауыл жастарын салауатты өмір салтына баулып, түрлі спорттық шараларды ұйымдастырып келеді.

Бұқаралық (2)

Самғат Жантөринов Алмаз ауылында дүниеге келіп, орта мектепті бітірген соң Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде дене тәрбиесі мамандығы бойынша оқып шықты. Еңбек жолын өзінің туған ауылында бастап, жастық жігері мен бастамаларымен белсенді еңбек атқарып келеді.

Мектеп қабырғасында жүрген кезінен спортты жанына серік еткен Самғат грек-рим күресімен айналысып, аудан намысын түрлі деңгейдегі жарыстарда қорғады. Бүгінде грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер. Уақыт өте келе арқан тарту, қой көтеру сынды ұлттық спорт түрлеріне де қызығушылық танытып, қазіргі таңда осы бағыттарда ауыл командасын алға сүйреп жүрген азамат. Оның бастамасымен қатысқан командалар облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып, аудан мерейін асырып жүр. Самғат Жантөринов қой көтеруден ауданның 7 дүркін, облыстың 2 дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар ауыл тойында 500 рет қой көтеріп, рекорд жасады.

Бүгінде жастарға деген қамқорлық барлық салада көрініс беруде. Жас маманның жәйлі өмір сүруіне бағытталған мемлекеттік "Дипломмен ауылға" бағдарламасына қатысты. Алған білімін ауылды көркейтуге арнаған жас маман Орал қаласындағы медицина колледжін аяқтаған Гүлжанат Қоныспайқызымен шаңырақ көтерді.

Самғат – өз отбасының да тірегі. Жолдасы – медицина саласында қызмет атқаратын ақ халатты абзал жан. Нұрғали мен Жігер есімді екі ұлдың ата-анасы. Шаңырағында анасына, әжесіне қамқор болып, ата-ана аманатына адал ұл екенін де ауылдастары мақтанышпен айтады.

 

Светлана Ешматқызы,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале