Қаһарлы қысты түйіндеп, нағыз еңбектің қызған шағына ауысамыз. Айтпақшы, түйіндеп демекші, біз тоқталатын һәм алдын алатын жұмыс бар. Оны облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің өзі назарда ұстап, бірқатар тапсырма беріп үлгерді. Өздеріңіз де «осы-ау» деп топшылап отырған мәселе - су тасқыны.
Жәнібек ауданының әкімі Тимур Шиниязов осы түйткіл бойынша Талов ауылына арнайы барды. Су өткізу, құбырлар мен жолдардың қардан аршылуын өз көзімен көрді. Айта кетейік, су басу қаупі бар алты ауылдың бірі - Талов ауылы. Табиғи апат келе қалса, суға кететін көшелермен жүрген аудан басшысы Тимур Серікұлы ауыл әкімі Нұрдәулет Қыдырғалиевке аталған істердің тоқтап қалмай, жедел жүре беруін тапсырды. Сонымен қатар су тасқанында тұрғындарға алғашқы көмек көрсетілуі керектігін баса айтты.
- Табиғи апат айтып келмейтіні белгілі. Бірақ біз бәріне де дайын болуымыз керек. Биыл Талов ауылына қар көп жауды. Енді әрекет жасап, көшелерді қардан аршып, су жүретін құбырларды тазалауды кезек күттірмейтін жұмыс деп есептеймін. Әр ауылда жүріп жатқан су тасқынын алдын алудағы жұмыспен танысып шығамын, - деді.
Ауылдарға арнайы қаптар таратылған болатын. Таловтың еншісінде мың қап бар. Бізге ұсақ көрінген осындай жұмыс су тасқынын болдырмауға атсалысады. Сондай-ақ аудан әкімі Тимур Шиниязов іссапар барысында сенім телефондарын жариялап, халықпен санасып жұмыс істеуді тапсырды.
Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz