1.08.2024, 18:30
Оқылды: 238

Су тасқынынан зардап шеккен қарасулықтар баспаналы болды

Бүгін Сырым ауданында ақжарылқап күн. Су тасқынының салдарынан баспанасы бүлінген тұрғындардың алғашқы легі жаңа үйлердің кілттерін қолына алды. Қоныстойды Қарасу бастады.
3072372B-ABF2-4514-9768-9AAF54AAD7FA
Наурыз айының 27-28 күндері Сырым ауданында Бұлдырты, Өлеңті өзендері арнасынан асып, ауылдарға кірді.  Дария көшелерде іркілген қарғын суға қосылып, үйлерді құлатты. 250 үйге су кірді, 114 үй тұруға жарамсыз болып қалды.
Қарасу мөлтекауданына жаңадан салынған үйдің саны – 14. «Қалдығайты», «КМТ Сити Строй» серіктестіктері және «АЛАШ» құрылыс компаниясы қабылдаған жобаларын сапалы орындап, уақтылы тапсырды.
Жаңа үйлердің сәулетін көруге көз керек. Іргетасында да, іреңінде де мін жоқ. Қызыл кірпішті қыздың тізген моншағындай қылып қалаған. 80 шаршы метрдің ішіне бу қазандығы мен жуыну бөлмесінен бастап, 2 жатын бөлме, ас үй және зал сыйған. Әр жанұяның 12 сотық ауласы бар. Аулалар темір дуалмен қоршалған. Жаңа көшеге қатқыл табанды жол да тартылды.
Қарасудағы үйлердің кілттерін салтанатты түрде тапсыру шарасына Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов және Сырым ауданындағы құрылысты қаржыландырушы «Қазақстан халқына!» қоғамдық қорының Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева қатысты.
3C7A020B-E520-4C93-BA72-867D7D4C42C6

– 27 наурыз күні
түнде Жымпитыға келдім. Тасқынмен күрескен жұртты, абырдың ішінде сабырын жоғалтпаған ағайынды, көршісін судан арқалап алып шыққан көршіні көрдім. Халықтың жанкештілігін, шығынды барынша азайту бағытында амал жасағанын куәмін. Иә, зардап бар. Үйлер құлады. Бірақ адам аман. Бүгін сол амандықтың арқасында қоныстойға да жеттік. Жымпитылықтарға жолдаған өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің сәлемдемесін қабыл алыңыздар. Үйлер игілікке болсын! - деді Тілепберген Каюпов.
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құруды тапсырған еді. Қор өзінің мақсатын ақтауда.
Мәселен, Сырым ауданындағы 114 үйдің құрылысы үшін ұйым 3 млрд 146 миллион теңге бюджет жұмсаған.
B54C4190-7BF8-4F96-8286-5E553680721C
– Президент қорды сол халық үшін құрды. Біз ең ауыр мәселе кезінде, күрделі уақытта халықпен біргеміз.  Сырым даласында біздер салған шаңырақтар шаттыққа бөленіп тұрады. Ол үшін бек қуаныштымыз. Біз ауылға бюджет бердік. Ал жастар елдің дамуы, ауылдың көркеюі үшін еңбектеріңізді, жастықтарыңызды беріңіздер! - деді Шыңғысбаева ханым.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов құрылысты қарқынды жүргізіп, қоныстойды жеделдетуге үлес қосқан еңбеккерлерге алғыс білдірді.
Айта кетейік, тасқыннан зардап тартқандар үшін Батыс Қазақстан облысының аудандарында 401 үйдің  құрылысы жүріп жатыр.
Бүгін Бөрлі, Бәйтерек және Сырым ауданы бойынша 80 үйдің жарығы жанды.
Бауыржан Ширмединұлы
Сырым ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале