7.04.2024, 10:48
Оқылды: 40

Су тасқынынан зардап шеккендер: «Қамымызды ойлаған мемлекетке ризамыз»

Өткен аптада ауданымыздың екі бірдей ауылына қарғын су кіріп, ондағы тұрғындар эвакуациялық пункттерге орналастырылды. Атап айтқанда, Махамбет және Январцев ауылдарының 40-тан аса тұрғыны осынау мекенге уақытша қоныстанған еді.

IMG-20240407-WA0027

Ауданымызда алғаш болып жұмысын бастаған Махамбет орта мектебіндегі эвакопункт. Сонда екі күн болған жанның бірі – 85 жасар Лидия Евстефеева. Махамбет ауылындағы Зеленое көшесінде тұратын оған әлеуметтік қызметкер Барша Мырзағалиеваның көмектесуімен арнайы бөлінген автобуспен уақытша мекендеу орнына келген. Кейаунаның сөзіне қарағанда, онда оларға барынша жағдай жасалған. Аудан, ауыл басшылары арнайы келіп қалдерін сұрап, жағдайларын біліп тұрған. Мектеп қызметкерлері де мейірімділік танытқан. Соның бәріне дән риза. Елдің басына түскен осынау қиындықта сабырлық, түсіністік, жанашырлық, бірлік танытып жатқан отандастарына, соның ішінде жерлестеріне айтар алғысы зор.

IMG-20240407-WA0029
Ал Январцев орта мектебі интернатындағы эвакопунктті паналаған чинаревтік 37 тұрғынның ішінде Азамат пен Сымбат Мұстафиндер де бар. Алты баланың ата-анасы болып табылатын олар Чинарев ауылында екі жылдан бері тұрады екен. «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында оларға үй берілген соң Оралдан көшіп келген. Январцев аулынан жиырма шақырым қашықтықта орналасқан Чинарев ауылы өздеріне ұнайды. Енді интернет келіп, байланыс желісі жақсарса деп тілейді. Бүгінде перзенттерінің алды 10 жаста болса, кішісіне төрт ай толған. «3 сәуірде ауылымызға қарғын су келіп, көшелерді басып, үйіміздің маңы толды. Сол кезде бізге қауіпсіз орынға уақытша көшу жөнінде ұсыныс айтылған соң, ауылдастарымызбен бірге біз де ауылдық округ орталығына келдік. Мұнда келгенімізге өкінбейміз. Екі қабатты балалар жататын интернат болған соң барынша жайлы. Төрт-бес мезгіл тамақ беріледі. Душқа, моншаға түсуге мүмкіндік бар. Осында жатқан балаларға, соның ішінде біздің де үш перзентімізге сабақ мұнда өтеді. Арнайы бөлме берілді. Мұғалімдері де арамызда жүр. «Аманат» партиясынан және өзгелерден де қайырылымдылық көмектері көрсетіліп, азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек беріліп жатыр. Бәріне рахмет айтамыз, ең бастысы қамымызды ойлаған мемлекетке ризашылығымызды білдіреміз» дейді олар.
Р.S. Қазіргі таңда екі ауылдан да су кетіп, жағдай тұрақтақталған соң эвакуациялық пункттердегі тұрғындар үйлеріне кетті.

Серік Маратұлы, 

Бәйтерек ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале