16.10.2018, 11:06
Оқылды: 55

Су жіберу орнында қызметкерлер қысқарады

Қаратөбе аудандық мемлекеттік коммуналдық шаруашылығы мекемесінде аудан округтеріндегі су тарату жүйесі операторларының қатысуымен жиын өтті.

 DSC_0010Аудан бойынша елдімекен тұрғындарын ауыз сумен қамтып отырған коммуналдық шаруашылық мекемесіндегі жиналыста басты мәселе мекемеге қарасты ауыз су тарататын орындардағы қызмет ережелерінің сақталуы, жұмысқа жауапкершілік болды.

         Мекеме есепшісі Азамат Бердіғалиев еңбекақыға қатысты мәселелер төңірегінде әңгімелеп, мекеме бюджетіне байланысты штаттық кестеге өзгерістер енгізілетіндігін, барлық су жіберу орындарында алдағы уақытта бірқатар қызметкерлер қысқартылып, бір ғана оператор қызмет көрсететінін ескертті.

         – Халыққа су тарататын стратегиялық маңызды орындарда бірінші тазалық пен жұмыс тәртібі қатаң сақталуы тиіс. Сонымен қатар олардың үзіліссіз жұмыс жасауын қамтамсыз ету бағытында су айдағыш насостар мен қондырғыларды тиімді пайдалану, электр қуатын үнемдеу сияқты жұмыстарды өз деңгейінде жүргізуге көңіл бөлген жөн.

         Тұрғындар тұтынған судың төлемдерін жинауды уақытылы жүргізу керек. Бұл өзекті мәселе Шөптікөл ауылында жақсы жолға қойылған.

         Ең басты мәселе - суды ысырапсыз пайдалану. Бұған көпшіліктің әлі де болса түсінігі төмен. Ауыз сумен мал мен бақша суаруға, көлік жууға болмайды. 1 тонна судың құны 200 теңге. Бір күнге бір адамға 50 литр су пайдалану көрсетілген. Кезінде судың тапшылығын көрген Үшағаш, Үшана ауылдарының тұрғындары судың қадыр-қасиетін жақсы түсінеді деп ойлаймын.

DSC_0033

         Үкіметтен субсидия алған Сулыкөл ауылының халқы судың әр литріне  4 тиыннан төлесе, субсидия алмаған Соналы, Үшағаш, Үшана ауылдарының тұрғындары судың 1 литріне 20 тиыннан төлеуде. Судың ақшасын жинау, су тарататын орын жұмысын тоқтаусыз жүргізу, тазалықты сақтау осы жұмыстардың барлығы бір ғана операторға жүктеліп отыр. Сондықтан сіздерге арттырылып отырған жауапкершілік жоғары. Жұмыс - екінші үйіңіз. Баршаңызды бір үйдің адамдарындай жұмыла жұмыс жасауға шақырамын.

Ол үшін ең әуелі жұмыс орнында тәртіп қатаң болу керек, – деді мекеме басшысы Айбар Жанғабылұлы.

         Жиында округтердің операторлары су тарату орындарындағы өзекті мәселе болып отырған қажетті қондырғылар мен насостар орнатуды, қоғамдық ақылы қызмет есебінен көмекшілер тағайындауды алға қойып, қысқа әзірлік жұмыстары туралы баяндады.

Ерболат РАЙСОВ,

Қаратөбе ауданы,

zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтары біздің Telegram-парақшамызда. Жазылыңыздар!

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале