«Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» демекші жауыр болған жол мәселесі оңтүстік аудандардың бірнеше буынына бас ауыртар мәселе боп келе жатқаны аян. Көктем мен күзде ми батпағына малшынып, қыста қарына омалып, жазда шаңына көміліп жүретін жолмен қабаттас тағы бір мәселе ̶ такси. Такси мәселесі де газетіміздің бір емес, бірнеше мақаласына арқау болған, ескірмейтін, ескі тақырып.
Қасіретті қаңтардан кейін газ бен жанармай бағасы арзандаған еді. Бірақ біздің аудан үшін бұл арзандаудың «ғұмыры» қысқа болды. Батпақты күндері жол азабын алға тартып, жолақысын жеті мың теңгеге қайта көтеріп алған таксистер жол бағасын түсіруді «ұмытып» кеткен сияқты.
Үкіметтен бөлінген субсидияның иесі анықталса, бұл мәселенің күрмеуі шешіледі деп күттік. Бірақ күткендей болмады.
Мемлекеттен субсидияланатын, жолақысы арзандау көлік Оралмен екі ортаға қатынайды деген хабарды естіп, ауылдастар үшін қуанған едік. Тіпті алғаш рейске шыққан күні «тұсауын кесіп» ақ жол тіледік. Бірақ бұл да ұзаққа бармады.
Күні кеше әлеуметтік желіні шулатқан жерлесіміздің жанайқайы көпті ойландырып тастады. Оқырманға түсінікті болуы үшін мән-жайды ашып, түсіндіріп кетейік. Ауылдастардың дені жиналған ватсап группаларға таратқан аудиожазбада субсидиялы көліктің қызметін пайдаланған апамыз алыс жолға шыққан арзан автобуста еш жағдай жасалмағаны, қалаға жеткенше бір емес екі мәрте сынып, тасбақа жүріспен жүріп, таңғы алтыда шыққан автобус денесін әрең сүйреп түнгі 11-де Орал қаласындағы «Адал» базарына жеткенін ашына айтқан екен.
-Отыз тістен шығып, отыз рулы елге тараған ақпарат «AMANAT» партиясының қоғамдық бақылау комиссиясының назарынан тыс қалмады.Көлік ауылға келген күні, барып жағдайын қарадық. Салон іші өте лас, машина ескі, төбесінде тесігі бар, бір фарасы жанбайды, отыратын отырғыштары әр түрлі, қолдан жасалған. Ұзақ жол жүруге шыдамайтыны сырт көзге көрініп тұр. Көлік те тозған, 2002 жылғы екен. Аталмыш мәселені облыстық тиісті мекемелерге жеткізу жөнінде аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ж.Ташуовқа айтылды. Тиісті мекемелерге "AMANAT" партиясы бақылау комиссиясының атынан хат жолданды. Бұл бірнеше жылдан бері күрмеуі шешілмей келіп жатқан мәселе болып отыр. Азаматтар бұл істі қолға аламын деп уәдені үйіп-төккенмен нәтижесі болмай отыр. Бұл жөнінде «AMANAT» партиясының Бөкей ордасы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Исатай Құрмашев облысқа қатынас хат жолдады. Біз де бұл өткір жайтты назардан қалдырмаймыз. Себебі тұрғындар тарапынан жолақысының жоғарылығына наразылық бар. Оның үстіне балалардың жазғы демалысы да келіп жетуде. Оларды саяхатқа апаруда жолақысының өзі қалтаға соғады. Мәселен, мектеп бітірушілердің ҰБТ тапсыруға барып-келу үшін тек жол шығынына 15 мың қаржы жұмсайды. Осыдан-ақ қоғамда таптық аржігі анықтала түседі. Жағдайы барлар барады, жағдайы жоқтар қалады деген сөз, ̶- дейді аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева.
«Қызмет өз дәрежесінде ұсынылуы шарт»
–Субсидияның автобусы жұп күндері ауылға қайтады деп естіген соң қаладағы кассаға арнайы барып, билет сұрап едім, ондағылар «Сайқынға рейс отменен» деп қысқа қайырды, тек Жәнібекке бар екен. Ойлап қарасақ, осы Жәнібек пен біздің жолдың аса бір айырмашылығы жоқ. Автобусқа адам мінбейді деп уәж айтып жатады. Жолаушы қалай мінсін, құдайдың жарқырап тұрған күні осылай «отменен» деп жолыңнан қалдырса. Нарықтың заңы бойынша тұрақты тұтынушың көп болу үшін бар жағдайды жасауың керек емес пе? Осы талаптан шықпасаң, онда сенің қызметің қандай ұтымды болса да ешкімге керек болмайсың, өйткені саған сенім жоқ. Оның үстіне екіара жақын жер емес, ескі-құсқы көлікке мінер алдында әр жолаушы сонау 600 шақырымды мына көлік еңсере ме, жолда қалып қоймаймын ба, діттеген жеріме уақтылы жетем бе деп ойланатыны даусыз. Қасында бала-шағасы болар болса, уайымы еселене түседі. Ендеше субсидия үшін арзандатып жүрмін дегенді жалау қылмай, қызметті де өз деңгейінде ұсынған жөн. Кім болғанның өзінде, -дейді ауыл тұрғыны Баян Халиуллина.
«Субсидия алып, пайда тапқаным жоқ, қайта қарызға белшеден баттым»
Пікіріміз бір жақты болмас үшін қарсы жақтан автобустың иесі Мұрадым Қабдығалиевтің де уәжін тыңдадық.
̶ Бір жолаушының айқайына бола осылай дүрбелең туғызып жатырсыздар. Балшықты кезінде Өнеге тұсында бес күн бойы жатқанда неліктен осылай шу шығармадыңдар, ̶ - деп бірден өз өкпесін айтқан Мұрадым ағаның ренішінің де жөні бар. Оның айтуынша, былтырдан бері субсидия беріледі деп билік басындағылар алдап келіпті. Нәтижесінде тендерді өзге адам ұтып алып кетіп, ол тақырға отырып қалған. Қарызға да белшесінен батқан. Жалдамалы жайлы көлікті шығарғанымен, оны қайтаруға мәжбүр болған. Оның үстіне жаңа мердесес маркалы көлігі біздің аудан жолының жайсыздығына шыдамай мүлдем жарамсыз болған. Мерседестің бір ғана дөңгелегі 70 мың 400 теңге тұрады екен. Ал оған бұл дөңгелектің алтауын ауыстыруға тура келеді. Соңғы бір сапарында көлігі тағы да сыр беріп, оған қажетті бөлшек біздің ауданнан табылмай, қаладан алып келген.
̶ Биыл да аудан басшылығы халыққа бір игілігің болсын, жолақысы арзандау көлігіңді шығарсаң деп қолқалағасын қайыра тендерге қатысып, шыққан едім. Алайда оның да субсидиясы қолыма тимей келеді. Сұрасам “Орданың субсидиясы әзір” деп алдаусыратуда. Беретін субсидия болса, мен соған сай қызмет етуге әзірмін. Тек әзірге уәдемен тойдырып келеді. Оның орындалуын қанша күтетінім белгісіз. Мемлекеттік қолдау жоқ болғанмен барымша қызмет жасауға тырысып бақтым. Көлігімнің бір сапарға шығуына жанармайына70-80 мың теңге жұмсалады. Менің көлігім дизельмен жүреді. Ал оның құны арзан емес. Сонымен қатар заңсыз таксилерді тоқтатамыз деп айтып еді. Сонда сенің жолаушыларың көп болады деген еді. Бұл да сөз жүзінде қалды.
«Көрсетілмеген қызметке ақы төленбесі анық»
̶ Субсидияланатын автобус біздің ауданға жүргенмен оның тендер талаптарын орындап, соған сай тиісті ақысын төлейтін облыстағы жол қатынастары басқармасының құзыретінде. Сондықтан біздің аудан билігі оның жүруіне сұранысты ғана жібереді. Басқалай шартқа отыру, өзге де жұмыстарына араласа алмаймыз. Тек бұл іс біздің тұрғындарға қажет болған соң етене араласып, сұрастырып отырамыз. Келісім бойынша тендерге қатысушы азамат өзіне міндеттемер алып, соны тиісті дәрежеде орындауы шарт. Мәселен сол келісімшартта бір айда 30 күн болса, ол соның 70 пайызын қамтып, жолаушылар тасымалдау қажет деп баса айтылған. Сонымен қатар осындай хронометражды тиісті органдар үш ай бойы жүргізеді екен. Мұрадым ағамыз осы талап биігінен шыға алмай отыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, ол қаңтарда жүрмеген, ақпанда жүріп бастағанмен наурыздағы ауа райының қолайсыздығына тағы да тоқтап қалды. Оны техногендік жағдай деп есепке алмай жатыр. Енді жер аяғы түзелген шақта да оның көлігі тұрақты жүрмей тұрғанына көпшілік куә. Бұл жайтты басқармада да растап отыр. Айталық тендер талаптары орындалмаса, тендерде жеңімпаз деп танылғанмен, субсидия қаржысы төленбей, келісім бұзылады. М.Қабдығалиев жуырда ғана басқармаға барып, өткен аптада ғана тиісті құжаттарын тапсырған екен. Субсидияның қаржысына қолы жетпей отырғандығының негізгі себебі өзінің міндеттімелерге деген салғырттығы болып отыр. Ал балшық кезіндегі қиындықтарда біздің басшылық тарапынан оның жолда тоқтап қалғанда шаруа қожалықтарға шығып, көмек етуді сұрағанымызды жоққа шығармайтын болар, - деді аудандық әкімінің орынбасары Біржан Меңешев.
Күрмеуі шешілмеген бұл мәселенің тіні бүгін-ертең шешіле қоймайтын секілді. Себебі тұрақсыз қызмет қаржыландырылмауы керек. Мемлекет қаржысы желге ұшпауы шарт.
Раушан Бақытова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz