Теректі ауданы Ақжайық ауылдық округіне қарасты Сүттіген ауылының құрылғанына 100 жыл толды. Айтулы күнді ауыл тұрғындары дүркіретіп атап өтті.
Іргетасы сонау 1924 жылы қаланған ауыл осы уақытқа дейін талай тарихи сәттерді басынан өткерді. Сүттігеннің торқалы тойында ауыл іргесіне ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ат жарыс, ұлттық ойындар және түрлі жарыс ұйымдастырылды.
Кеш барысында Ақжайық ауылдық округінің әкімі Болат Қадыралиев, зейнеткер Мақсот Қойбақовтар сөз алып, атаулы мерейтоймен құттықтады. Сонымен қатар Ақжайық ауылының имамы Ерік Бөкенбаев құран бағыштап, ел амандығын тіледі. Ауылдың байырғы тұрғындарына, зейнеткерлер мен ұстаздарға сыйлықтар беріліп, құрмет көрсетілді. Осынау мерейтойға Орал шаһарынан арнайы келген Ғ. Құрманғалиев атындағы филармонияның дәстүрлі әншісі, мәдениет саласының үздігі Сағадат Рахметжанов, жас әнші, сазгер Ерлан Қуанышевтар әннен шашу төкті. «Сүттігендім» әнінің тұсауы кесілді. Аталмыш әннің сөзін Болат Аманбаев, ал әнін Боранбай Көрпебаев жазған. Жаңа әнді Б.Аманбаев, Б.Көрпебаев, С. Жақыбалиев, Х. Тілеумағанбетов сынды әншілер айтты.
Жиналған халық әсем әнге құлақ құрышын қандырып, көңілдері марқайып тарқасты.
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz