1.09.2022, 19:00
Оқылды: 49

Сылдыр сөзден нақты іске көшетін кезең

ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауы тыңдаған жанның болашаққа деген сенімін арттырып, келешегіміздің кемел боларын ұқтырғандай. Алайда, негізсіз ұран, сылдыр сөзден қашқақтап, нақты іске көшуіміз керек. Себебі экономикалық тұрғыда да қордаланған мәселе көп. Ол жөнінде мемлекет басшысы толығырақ Жолдауда айтқан болатын.

28

«Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар» деген Қасым-Жомарт Кемелұлы, аталмыш мәселелерді шешу жолдарын да қоса айтты.

Сонымен қатар, Жолдауда биыл кезектен тыс Президент сайлауы өтетіндігі, оның соңын ала бере мәжіліс пен мәслихат сайлауы ұйымдастырылатыны сөз болды. Ал сайланған Президенттің өкілеттілігі жеті жылдық бір мерзіммен шектеледі. Бұл қадамдар, соның ішінде жаңа президенттік жүйе саяси тұрақтылықты нығайтып, қоғамдық құрылыстың қазақстандық үлгісін орнықтырады.

Бұдан бөлек Жолдауда халықтың еңсесін көтеріп, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған бірқатар жобалар ұсынылды. Мысалы, ең төмеңгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге дейін көтерілуін, бала күтіміне берілетін төлем бір жарым жасқа дейін ұзартылуын, «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын, әйелдердің зейнетке шығу жасы 61-ге дейін төмендетілуін мұқым қазақ жақсы қабылдады. Тарих қойнауына кеткен, алайда ел жадында ұзақ сақталар қаңтар оқиғасын да Президент естен шығармады.  Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялауы – бұл билік пен халық арасын жақындататын шешім.

Президентіміздің «Жұрт бос сөзден, жарқын болашақ туралы жалынды ұрандардан жалықты. Халық мемлекеттік органдардың өз уәдесін қағаз бетінде емес, іс жүзінде  орындағанын қалайды. Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды» деген сөздері дер шағында айтылған, сол арқылы маңыздылығын жоймайтын сөз деп қабылдауымыз керек.

Әділет Орынбасаров,

Ақын,

«Теректі жаңалығы» қоғамдық саяси газетінің редакторы

Теректі аудандық мәслихат депуататы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале