Уақыт жылжыған сайын казталовтық ағайынның көңілін үрей мен қорқыныш мазалап тұр. Айналаны қоршаған тілсіз жау біздің төңіректі де айналып өтпеді. Керісінше сағат сайын күшейген су мөлшері кез келген жағдайға дайын болуымызды айқын көрсеткендей.
Осы ретте Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөнінде штаб отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, күштік құрылымдардың басшылары, округ әкімдері және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов «Қазсушар» РМК филиалының мәліметінше, алдағы күндері Қараөзен және Сарыөзен өзендеріндегі су деңгейінің шекті деңгейге дейін көтерілуі мүмкін екенін хабарлап, су тасқынының алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.
- «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалынан Ресей Федерациясының «Управление «Саратовмелиоводхоз» ФМББ-ның 2024 жылғы 28 наурызға берген Қараөзен өзені бойынша ақпаратына сәйкес, су Орлов-Гай су қоймасынан төменгі бъефке 408 м³/с шығынмен, Дмитриев су қоймасынан 325 м³/с шығынмен, Алғай су қоймасынан 73 м³/с және Приузенск су қоймасынан 73 м³/с шығынмен Қараөзен өзені арқылы Батыс Қазақстан облысына жіберіп жатқандығын хабарлады.
- Біздің тарапымыздан біріншіден халыққа түсіндіру жұмысы жүргізілуі керек. Екіншіден алдын алу шараларын қабылдауымыз қажет. Республикадағы, облысымыздағы ахуал өздеріңізге белгілі. Бұндай жағдайда жайбарақаттыққа салынуға болмайды. Барлық округте су тасқынының алдын алуға қажетті жабдық бар. Енді толығымен дайындық жұмысына кірісуіміз қажет, - деді аудан әкімі.
Аудан әкімі су тасқыны болған жағдайда халықты эвакуациялау орындарын әзірлеу, азық-түлік және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, науқас адамдар мен жүкті әйелдерді аудан орталығына шоғырландыру үшін ертерек қамдану қажеттігін баса айтты.
Көршілес РФ-дағы Приузенски су қоймасынан секундына 150 метр куб су Қараөзен өзеніне жіберіліп жатырса, Сарыөзенге Варфоломеевка су қоймасынан секундына 50 метр куб су жіберілуде.
Су келуіне байланысты қазіргі таңда Қараөзен өзені бойындағы «Гүрілдеуік», «Жиеш», «Мәнти» бөгеттеріндегі гидро құрылғылар «Қазсушар» РМК тарапынан ашылып отыр.
Жұлдыз Асқар,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz