9.04.2026, 15:30
Оқылды: 19

Сырым ауданы әкімдігінде мал бағымын ұйымдастыру жайы қаралды

IMG_9797

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов полиция қызметкерлерін, округ әкімдері мен шаруашылық иелерін маңызды себеппен жинады. Басты мәселе - аудан аумағында көліктердің үй жануарларына соғылуының алдын алу, мал бағымын ұйымдастыру. 

Бұл мәселеге қатысты Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімінің басшысы Бекболсын Меңешов, Сырым аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Саламат Иманғалиев баяндама жасап, өз салалары бойынша көрсеткіштерге тоқталды. 

Аудандық полицияның өкілі Бекболсын Махамбетұлының айтуынша, негізгі мәселе - мал иелерінің анықталмауы екен. Сондықтан, ауылдық округ әкімдері тұрғындарға, шаруа қожалықтарына иелігіндегі түліктерін бірдейлендіру туралы қатаң талап қоюы тиіс. Бүгінгі күні ауыл әкімдеріне тазалық ережелерін сақтамаған, жеке малының бағымын ұйымдастырмаған тұрғындарға ескерту беру, одан нәтиже шықпаса, хаттама толтырып, айыппұл тағайындау құзіреті де берілуде. Мемлекеттің қызметтің мәртебелі биігі ауыл әкіміне мал қуып, айыппұл салу абырой әкеле ме?! Осы сауалды ауыл әкімдерімен болған диалог - платформада ҚР Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев та қойған:

-Бүгін сөз алғандар ауыл әкімдеріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! - деді Мемлекет басшысы. Сондықтан, бұл тақырып әлі талқыланатынға ұқсайды. Ал, округіндегі тәртіпті қамтамасыз ету, қауіптің алдын алу мен полиция жұмысына әріптестік жасау - әкімдердің міндеті екені рас. 

Сырым аудандық ветеринарлық станцияның басшысының орынбасары Руслан Усағалиев үй жануарларының жол жағалап жайылуы мен түннің кезінде асфальтқа шығуының алдын алу шаралары жүріп жатқанын айтты.

Мәселен, малға соғылу апаттарының “қызыл нүктелері” анықталып, Шолақаңқаты ауылдық округінен Бұлдырты ауылдық округіне дейін және Жымпиты ауылдық округінен Қаратөбе ауданы шекарасына дейін жол бойына жақын орналасқан 28 шаруа қожалыққа малдарды бірдейлендіру және жарықшағылыстырғыш тағу міндеттелген.

Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Азамат Хасанов малға көлік соғылса, екі жағдайда да халық зардап тартады деді. Көліктің иесі де, малдың иесі де шығынға батады. Мәселе кінәліні анықтауда емес, болдырмауда. Сондықтан, мемлекеттік қазынадан күрежолдың бойына жарықшамдар орнатуға ұсыныс білдірді. Апаттар жиі болатын Алғабас, Ақырап, Қызылағаш, Бөрібас елді мекендерінің тұстарынан толық жарықтандыру керек. 

Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов малдарды бірдейлендіру, жарықшағылыстырғыш тағу көрсеткіштеріне көтеруді, өзінің тікелей бас болуымен “Түнгі рейдтер” жасауды, малын бағымсыз жіберген тұрғындарға тәртіптік шара қолдануды тапсырды. Бейғамдық біреудің ажалына себеп болмауы тиіс.

Айта кетейік, Сырым ауданында 2025 жылы ауыл шаруашылығы малдардың қатысуымен 21 жол көлік оқиғасы тіркелген. 

Бауыржан Ширмединұлы, 

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале